Ауғанстанда соңғы тоғыз күн ішінде болған су тасқындары 99 адамның өмірін қиды. Тағы 154 адам жарақат алды. Нөсер жаңбыр жалғасып жатыр, синоптиктер жаңа су тасқындары болуы мүмкін екенін ескертуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Синьхуа таратқан мәліметке сай, жаңбыр 26 наурызда басталып, ел бойынша су тасқындары мен жер көшкіндерін тудырды. Табиғи апат бес мың үйді толық немесе жартылай қиратып, 355 шақырым жолды шайып кеткен және 14 мың акрдан астам ауыл шаруашылығы жерлерін су басқан. Барлығы 8532 отбасы зардап шекті.
Ең көп зардап шеккен аймақтарға құтқару және гуманитарлық топтар жіберілді. Залалды бағалау жалғасуда, – деді Табиғи апаттармен күрес жөніндегі ұлттық басқарманың өкілі Юсуф Хаммад.
Метеорологтар нөсер жаңбырдың жалғасатынын болжап, елдің 34 провинциясында су тасқыны болуы мүмкін екенін ескертті.
Бұған дейін Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясында 25 наурыздан бері жауған нөсер жаңбыр салдарынан кемінде 45 адам қаза тауып, 105 адам түрлі дәрежеде жарақат алғанын жазған едік.
Дағыстанда да бірнеше тәулік бойы жауын-шашын жауып, кейбір аймақтарда су тасқыны салдарынан төтенше жағдай жарияланған еді.