Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысының жетекшісі Хайбатулла Ахундзада қозғалыс мүшелері мен мемлекеттік қызметкерлерге смартфон пайдалануға тыйым салу туралы бұйрық берді. Бұл туралы KabulNow және Afghanistan International басылымдары хабарлады.
БАҚ мәліметінше, ауызша нұсқау елдің сегіз өңіріндегі әскери соттардың басшыларымен, полиция жетекшілерімен және барлау құрылымдарының өкілдерімен өткен кездесуде берілген.
Жарлыққа сәйкес, тыйымды бұзғандар құқық бұзушы ретінде танылып, әскери сотқа жіберіледі.
Бақылау үшін арнайы тізімдер жасалады
KabulNow басылымының жазуынша, бұйрық шыққаннан кейін билік тыйымға іліккен қызметкерлердің арнайы тізімдерін жасай бастаған.
Бұл тізімдерге әр адамның аты-жөні, лауазымы, жұмыс орны, телефон нөмірі және ұялы байланыс операторы туралы мәліметтер енгізіледі.
Басылымның мәліметінше, шешім жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілерде қозғалыс мүшелерінің бірінің смартфонын сындырып жатқан видеосы тараған. Сондай-ақ Пактика провинциясындағы Бармал ауданы полициясының басшысы мен оның 14 қызметкері смартфондарынан бас тартқаны хабарланды.
Шектеу білім беру ұйымдарына да әсер етті
Бұған дейін «Талибан» бақылауындағы Білім министрлігі де оқушылар мен студенттерге қатысты шектеулер енгізген болатын.
Исламдық білім беру департаментінің құжатына сәйкес, оқушылар мен студенттерге мектептер мен діни семинарияларға смартфон алып келуге тыйым салынған.
«Талибан» қозғалысы Ауғанстанда билікке 2021 жылдың тамызында халықаралық коалиция күштері елден шығарылғаннан кейін қайта оралды. Содан бері қозғалыс қоғамдық өмірдің түрлі салаларында, соның ішінде білім беру, мемлекеттік мекемелер жұмысы және технологияларды пайдалану бағыттарында жаңа шектеулерді кезең-кезеңімен енгізіп келеді.
Еске салсақ, Талибандар университеттерде әйелдер жазған кітаптарды оқытуға тыйым салған еді.
Тағы оқи отырыңыз: Тәліптер Ауғанстанда шахматқа тыйым салды
Ауғанстанда әйелдерге мешітке баруға тыйым салынды