Ауған қазақтарына барынша көмек көрсетіледі – СІМ өкілі

18 Тамыз 2021, 18:08
8938
Бөлісу:
Ауған қазақтарына барынша көмек көрсетіледі – СІМ өкілі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік желілерде «Ауғанстанда тұратын этникалық қазақтар Қазақстаннан көмек сұрады» деген ақпарат тараған болатын. Осыған қатысты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ауғанстан мәселесіне қатысты өткізілген брифинг барысында жауап берді.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырма берген көрінеді.

Ауғанстандағы этникалық қазақтардың өтініштеріне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігімен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қажет болған жағдайда тарихи Отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды. Өз кезегінде Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігіне осы мәселені ерекше бақылауға алу жөнінде тиісті тапсырма берілді, - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров. 

Сонымен қатар Ауғанстанда қазіргі уақытта қанша этникалық қазақ бар екендігіне тоқталды. 

Бізде бар мәліметтерге сәйкес Ауғанстан аумағында 15-ке жуық этникалық қазақтардың отбасы тұрады. Кейбір қазақстандық БАҚ Ауғанстанда бірнеше мың этникалық қазақ тұратындығы туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді, - деп атап өтті ол. 

Сонымен қатар ҚР СІМ тиісті жұмыс жүргізіп жатқан көрінеді.  Ауғанстандағы қазақтармен тұрақты байланыстамыз деді ведомствоның ресми өкілі. 

Еске сала кетейік, бұған дейін жарты сағат Алматыға Ауғанстаннан ұшақ келіп қонғандығы туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы