Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне 30 жыл толды

19 Маусым 2022, 10:08
1699
Бөлісу:
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне 30 жыл толды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Он тоғызыншы маусымда Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери қызметшілері кәсіби мерекелерін атап өтуде.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Дәл осы күні 1992 жылы Қорғаныс министрінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін құру туралы директивасына қол қойылды.

Әскерлер құрамына Қазақстан аумағында орналасқан ӘШҚҚ корпусының 37-ші құрамалары мен бөлімдері кірді. Атап айтқанда зениттік, зымырандық, радиотехникалық және авиациялық бөлімдер, сондай-ақ әуеайлақтық-техникалық бөлімшелер, байланыс және радиотехникалық қамтамасыз ету батальоны.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қалыптасуының басы-қасында Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаев, авиация генерал-майоры Анатолий Васимов, генерал-майор Владимир Бондаренко, генерал-лейтенант Оқас Сапаров, генерал-майор Нұржан Мұқанов және басқада әскерилер тұрды.

1998 жылы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері Әуе қорғанысы күштері құрамына кірді. 

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің алдында әуеден еліміздің әкімшілік-саяси, өнеркәсіптік-экономикалық аудандарын қорғау, әуеде  қарсыласпен күрес жүргізу, сондай-ақ орналасу пункттері мен құрлық әскерлері топтарының маршруттарын, маңызды әскери және басқа да объектілерді авиация мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының әуе соққыларынан қорғау міндеттері тұр.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қару-жарағында түрлі биіктіктер мен жылдамдықтағы әуе нысаналарын дер кезінде анықтауға және зақымдауға қабілетті заманауи зениттік зымыран кешендері мен барлау құралдары бар.

2020 жылы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қайта жарақтандыру бағдарламасы бойынша «БУК-М2Э» жаңа зениттік зымыран кешенімен толықты. Бұған дейін еліміздің барлық әуе кеңістігін бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін отандық GM-403 «Нұр» және «Роса-РБ» заманауи радиолокациялық станциялары пайдалануға енгізілген болатын. Алдағы уақытта әскерлерді қазіргі заманғы және жоғары технологиялық қару-жарақ үлгілерімен одан әрі жарақтандыру жоспарланып жатыр. 

ӘШҚҚ әскерлері үшін жоғары кәсіби офицерлік кадрларды даярлауды Алматы қаласында орналасқан Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты жүзеге асырады. ЖОО-да жаттығу кешендері, техникасы және қару-жарағы бар жеке полигон, сондай-ақ барлық қажетті оқу-материалдық база бар.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің жеке құрамы елдің әуе кеңістігін үздіксіз бақылауды жүзеге асыра отырып, тәулік бойы жауынгерлік кезекшілікті атқарады.  

Өзгелердің жаңалығы