Ауаның қаншалықты ластанғанын қаладағы LED-экрандардан білуге болады

3 Желтоқсан 2019, 14:38
2622
Бөлісу:
Ауаның қаншалықты ластанғанын қаладағы LED-экрандардан білуге болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Қазгидромет" РМК 2018 жылы Қазақстанның 46 елді мекендерінде атмосфералық ауа сапасын 8 ластаушы заттар бойынша бақылауға мүмкіндік беретін AirKZ мобильдік қосымшасын іске қосты. 

Биылғы жылдың қазан айында "Қазгидромет" РМК облыстық әкімдіктер және жергілікті ұйымдармен бірлесіп, тұрғындардың атмосфералық ауа сапасы туралы ақпаратқа онлайн қол жеткізуді кеңейту жұмыстарын бастады. AirKZ мобильдік қосымшасынан ақпарат Павлодар, Екібастұз, Петропавл, Ақтау және Орал қалаларының LED-экрандарында трансляциялана бастады.

Қарашада аталған акцияға Қостанай және Талдықорған қосылды! Енді бұл қалалардың тұрғындары атмосфералық ауа сапасының ағымдағы жай-күйі туралы ақпаратты LED-экрандардан көре алады. Трансляциялау үшін мәліметтер әр сағат сайын жаңартылып отырады, - делінген Қазгидрометтің хабарламасында.

Қостанай қаласында экран Юбилейный шағынауданындағы супермаркет ғимаратында, ал Талдықорған қаласында Назарбаев және Шевченко көшелерінің қиылысында орналасқан. Алматы облысының тұрғындары үшін тағы да бірнеше ақпарат орналастыру орындары жоспарлануда.

Қазіргі уақытта "Қазгидромет" РМК өңірлік филиалдарының басшылары өзара іс-қимылдың техникалық мәселелерін реттеу үшін LED-экрандар иелерімен келіссөздер жүргізуде. Қалған облыстар ауа сапасының жай-күйі туралы ақпаратты келесі жылдан бастап орналастыруды жоспарлауда.


Өзгелердің жаңалығы