Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысы - республикадағы мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымын қазақ тіліне көшірген алғашқы аймақтардың бірі. Облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тоқсан сайын жергілікті атқарушы органдардың жұмысына мониторинг жүргізіп отырады.
Биыл 3 айда облыс бойынша шығыс құжаттардың 98,7%-ы мемлекеттік тілде дайындалса, ішкі құжат айналымы 100%-ды құрады. Осы мониторинг нәтижесімен басқарма қызметкерлері профилактикалық бақылау жүргізіп, мемлекеттік органдардағы жағдайды реттейді. Өңір халқының тілдік капиталын дамыту, анықтау мақсатында жыл сайын «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК –мен бірлесіп «Қазтест» жүйесі бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеу жүргізу ұйымдастырылады. Биыл мемлекеттік және құқық қорғару орындарының қызметкері, әскери қызметшілер, бюджет мекемелерінің, мемлекеттік кәсіпорындар, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан барлығы 1741 адамды тестілеуден өткіземіз, - дейді Атырау облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Әсия Қыстаубаева.
Ал аймақта үш тілді меңгерген халықтың үлесін арттыру индикаторы бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеуде тұрғындардың 33,3 %-ын құраған. Атыраулықтардың 99,8 %-ы қазақ тілін, 44,2 %-ы ағылшын тілін меңгерген.
Үш тілді меңгерген халықтың үлесін арттыру мақсатында жергілікті әкімдіктер тарапынан танымдық, мәдени, шығармашылық шаралар ұйымдастырылады. Мысылы, былтыр өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен Абай оқулары, «Мемлекеттік тіл - тәуелсіздік символы», «Текті сөздің төресі –терме», жастар арасында «Әл-Фараби –өркениеттің ойшылы» байқаулары өтті. Мұндай шаралар биыл да жалғасып жатыр. Сонымен қатар шетелдегі қандастарымызға ана тілін ұмытпау мақсатында қазақ тілін үйрету әдістемелерін, бейнеблоктар дайындау жоспарда бар, - дейді басқарма басшысы.
Әсия Қыстаубаеваның сөзінше, Атырау облысында тілге қатысты мәселе жоқ. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруде кешенді жұмыс жүргізу үшін облыстан орталық ашу өзекті тақырып екенін айтты.