Атыраулық мәдениет саласындағы шенеуніктер сыбайлас жемқорлық фактісімен ұсталды

4 Сәуір 2019, 18:02
2593
Бөлісу:
Атыраулық мәдениет саласындағы шенеуніктер  сыбайлас жемқорлық фактісімен ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы атыраулық бірнеше шенеунікке қатысты парақорлық, аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқыру, сондай-ақ алаяқтық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. 

Аталған фактілер Атырау облыстық департаментімен бірге  арнайы жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде анықталған. 

"Атырау әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы, осы басқарманың бухгалтерлік есеп, есептілік және қаржы-экономикалық қызмет бөлімінің басшысы, сондай-ақ «Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театры» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры, «Н.Жантөрин атындағы облыстық филармониясы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директорына қатысты парақорлық, аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқыру, сондай-ақ алаяқтық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", - деді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин. 

Агенттік өкілінің айтуынша, сотпен Бухгалтерлік есеп, есептілік және қаржы-экономикалық қызмет бөлімінің басшысына қатысты «үйқамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Тергеу жалғасуда.

Бұған дейін Сапасыз консервіленген етті сатуды ұйымдастырған комитет төрағасы 600 млн теңге залал келтіргені және Астана су арнасының бұрынғы басшысы парамен ұсталғаны туралы хабарлағанбыз.

Өзгелердің жаңалығы