Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова Атырау облысындағы нәрестелер өлімі жағдайлары бойынша жүргізілген тексеру қорытындысын баяндады.
"Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен Атырау облысындағы 2019 жылдың 9 айындағы бала өліміне талдау жүргізу бойынша комиссия құрылды. Комиссия құрамына 26 маман кірді. Комиссия 5-18 қазанда жұмыс істеді. Тексеріс кезінде нәресте өлімінің статистикалық көрсеткіштері, эпидемиялық жағдай, медициалық көмек сапасы және дәрі-дәрмекпен қамту зерттелді. Мониторинг облыстағы 6 медицина ұйымына жүргізілді", - деді Бюрабекова.
Комитет төрағасы Атырау облысы республикада бала өлімінің көрсеткіші бойынша қазіргі уақытта алдыңғы орында тұрғанын, 9 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 12,7% жеткенін айтты. 2018 жылы бұл көрсеткіш 10,9% көрсеткен. Айта кетерлігі бұл көрсеткіш өткен жылдары орташа республикалық деңгейден төмен болған: 2015 жылы – 8,1%, 2016 жылы – 8,87%, 2017 жылы – 7,3%.
"2019 жылдың 9 айындағы тексеру нәтижелері бойынша облыста өлі туғандар санының ерте неонаталдық өлімі санының сәйкестігі 1,9:1 құрады (ҚР – 2,9:1). Бұл республикадағы ең үздік көрсеткіштердің бірі. Мысалы, 2015 жылы бұл көрсеткіш 5,5:1 болған. Бұл жағдайда өткен жылдары өлі туғандар тобында қайтыс болған нәрестелердің санын жасыру арқылы нәресте өлімінің көрсеткішін жасанды түрде төмендету фактісінің болуы жоққа шығарылмайды. Мониторинг кезінде нәресте өлімінің барлық жағдайын бағаладық. 2019 жылдың 9 айында облыста 1 жасқа дейінгі 156 сәби өлімі тіркелген. Оның ішінде 98 бала Облыстық перинаталдық орталықта, қалған 54 бала басқа медициналық ұйымдарда және 4 бала үйде қайтыс болған. Сәби өлімінің негізгі себебі – перинаталдық кезеңдегі жағдай – 72,1%, инфекциялық аурулар – 2%, туа біткен кемістіктер – 19,7%, жазатайым оқиғалар – 4,1%", - деді комитет төрағасы.Айта кетейік, Атыраудағы дәрігер жаңа туған сәбиді тоңазытқышқа салып өлтірді деген күдікке ілінген болатын. Сонымен қатар, Атырау облысының бас дәрігері нәресте өліміне қатысты пікір білдірген еді. Егер ақ халаттылардың кінәлары дәлелденсе, олар 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылулары мүмкін.
Сонымен қатар, Біртанов баланың өлімі туралы жазбаны өзгертуге болатынын айтқан еді.
Сондай-ақ, бұған дейін Атырау перинаталдық орталығының 31 дәрігері жұмыстан шығу туралы өтініш жазғаны хабарланған болатын.
Ал Атыраулық дәрігерлер әріптестеріміздің кінәсі нақты дәлелденбей, жала жабылып жатыр деп ашынады. Тіпті, осы шу басталғалы орталыққа келген халық түрлі мінез-құлық танытып, перзентханадағы барлық қызметкерді қылмыскер көреді екен.
Аталған оқиғаға қатысты Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева қызметінен кетті.