Атырауда 25 мың пәтерлік ықшамаудан салынады

19 Сәуір 2019, 14:45
2005
Бөлісу:
Атырауда 25 мың пәтерлік ықшамаудан салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа ықшамауданды «Мұнайлы астананың» басты құрылыс алаңы – «Контейнерный» маңында орналасқан Береке елді мекенінде тұрғызу жоспарланып отыр,  деп хабарлайды ATPress.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, бұнда 25 мыңнан астам пәтері бар 430 көпқабатты үй салынбақ. Алғашқы кезеңде 100 гектар жерде 11 956 пәтерімен 152 үйдің құрылысы жобаланған.

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Аманов тұрғын үйдің бағасы жоғары болуына қарамастан, бүгінде Атырау облысында ипотекалық несие деңгейі республика бойынша орташа болып есептелетінін айтты. Мәселен, 4 сәуірдегі жағдай бойынша, 195 өтінім мақұлданып, олардың 186-ы жалпы сомасы 2 миллиард 375 миллион теңге ипотекалық несие алды.   

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғызылған 350 пәтер «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілетін болады. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен "Жас отау" бағдарламасы жүзеге асырылуда - 2015 жылдан бері осы бағдарлама бойынша 310 пәтер берілді.                                      

Тұтастай алғанда, ағымдағы жылдың наурызына Атырау облысында 224,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2018 жылдың салыстырмалы кезеңінен 24 пайыз артық болып отыр.        

2019 жылға тұрғын үй құрылысына 18,8 млрд теңге қаралған: республикалық бюджеттен - 2,6 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен - 7 миллиард теңге, қалғаны - қарызға алынатын қаражат пен жер қойнауын пайдаланушылардың демеушілік қаражаты есебінен.

Қазір 44 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, оның 12-і өткен жылы пайдалануға берілді.

«Аудандарда да жергілікті бюджет есебінен үй құрылысы жүргізілуде. Мәселен, ағымдағы жылы өңірдің елді мекендерінде 852 пәтері бар 13 үй салынады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», - деп мәлімдеді Аманов.

Өзгелердің жаңалығы