Атырауда 14 пен 65 жас аралығындағы 150-ден астам әуесқой велоспортшы қатысқан “Tour de Saraishyq-2026” велошеруі өтті.
Велошабандоздар жүз шақырымдық қашықтықты бағындыра отырып, спорттық шараның бір бөлшегіне айналмаққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен арнайы келді. Олар шеруді Сұлтан Бейбарыс алаңынан бастап, Махамбет ауданындағы Сарайшық қалашығында мәре сызығын кесті.
Облыс әкімі Болат Ақшолақов қатысушыларды құттықтап, бұл іс-шараның өңір спорты пен туризмін дамытудағы маңызын атап өтті. Велобәйгеге аймақ басшысы да қатысты.
Баршаңызды екінші «Tour de Saraishyq» велошеруінің басталуымен құттықтаймын! Бізге жарыста жеңу ғана емес, оған қатысу, бәріміздің осынау айтулы оқиғаның бір бөлшегі болғанымыз маңызды. Бүгінгі маршрутымыз тарихы терең өлкені қамтиды. Алтын Орданың ежелгі астанасы болған Сарайшыққа барамыз. Мұндай іс-шаралар өңірімізде спорт пен туризмнің дамуына оң ықпал етеріне сенімдімін. Баршаңызға сәттілік тілеймін,- деді Болат Ақшолақов.
Велошерудің басты мақсаты — шақырымдарды еңсеру ғана емес, Сарайшықтың тарихи мұрасына назар аударту, белсенді демалыс пен салауатты өмір салтын насихаттау.
Жарыс жолына шыққандардың бірі — Антон Яцук. Ол велошеруге осымен екінші рет қатысып отыр. Әуесқой велоспортпен айналысқанына үш жылдан асқан.
Маршрутты 3,5 сағатта жүріп өттім. Бәрі жақсы ұйымдастырылған, керемет әсер алдым. Өзім Ресейденмін, бірақ көптен Атырауда тұрамын. Осындай іс-шаралар жиі өтіп тұрса, жақсы болар еді, — деді Антон Яцук.
Велошеру тек спорттық жарыспен шектелмей, ортағасырлық Сарайшыққа жасалған саяхатпен айрықшаланды. Қатысушылар қашықтықты бағындырған соң «Сарайшық» сапар орталығына барып, ежелгі қаланың тарихы мен мәдениетімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.