Аичи және Нагоядағы (Жапония) ХХ жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасының туын алып шығатын спортшылар анықталды.
Спортшылар шеруінде Қазақстанның көк туын дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінен ұлттық құрама мүшесі Сарвиноз Миркадирова ұстайды.
Елдос Сметов – 2024 жылғы Олимпиада чемпионы, 2016 жылғы Олимпиаданың күміс және 2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері. Сондай-ақ оның қоржынында әлем чемпионаты мен 2014 жылғы Азия ойындарының алтын медальдары бар.
Сарвиноз Миркадирова – Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ол WTT Feeder санатындағы халықаралық турнирлерде жүлдеге ие болған, сондай-ақ, әлем және Азия чемпионаттарына қатысқан.
ҚР ҰОК мәліметінше, Азиада-2026 ойындарының ашылу салтанаты 19 қыркүйекте Нагоя қаласындағы Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium стадионында өтеді. ХХ жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады.