Атырауда тарихи-өлкетану музейі тарихи орындарға онлайн экскурсиялар ұйымдастырып жатыр

22 Сәуір 2020, 19:27
5521
Бөлісу:
Атырауда тарихи-өлкетану музейі тарихи орындарға онлайн экскурсиялар ұйымдастырып жатыр
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау музейінің қызметкерлері аймақ құндылықтары мен тарихы туралы онлайн дәрістер өткізіп жатыр.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашила Харипованың айтуынша, еліміздегі төтенше жағдай мұражай жұмысына еш кедергі келтіріп отырған жоқ. Керісінше, мамандардың соңғы технологияларды терең меңгеріп, атқарған жұмыстарын әлеуметтік желілер арқылы насихаттауларына мүмкіндік ашып жатыр екен. Оған қоса, музей тынысын қашықтан соңғы бірнеше күн ішінде он екі мыңнан астам атыраулық тамашалаған.

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі елімізде төтенше жағдай жариялануына орай 2020 жылдың 18 наурызынан бастап, 1 мамыр аралығында қашықтан жұмыс жасау жүйесіне көшіп, қызметкерлеріміз үй жағдайында жұмыс жасауда. Музей мамандары облыс орталығынан шалғай елді-мекендердегі тұрғылықты мекен жайларында да онлайн жұмыс істеп жатыр. Интернет желілерінің жүйелі жұмыс жасауы біздің қызметкерлеріміздің қашықтан жұмыс жасауына көп қолдау болып отыр. Музей жанынан құрылған "Жас экскурсоводтар" үйірмесінің қатысушылары скайп жүйесі арқылы жұмыстарын жалғастыруда. Этнография ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Светлана Нұрпейісованың жетекшілігімен құрылған "Алтын оймақ" үйірмесі де онлайн режимде өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Әр күн сайын сағат 11.00-де музей мамандары тарих, археология, табиғат тану, көрерменмен жұмыс тақырыптарында онлайн дәрістер өткізіп келеді. Атап айтқанда, музейдің бас қор сақтаушысы Айгүл Рамазанова өз лекциясы кезінде Халел Досмұхамедов турасында және оның елде орын алған індет кезінде елге келіп атқарған қызметі, сол арқылы елді қалай індеттен аман алып қалғандығы туралы баяндаса, музей экскурсоводы Айдана Мурсалимова "Ұлтқа ортақ – ұлы тұлғалар" тақырыбымен өткізілген лекцияларында өлкеде туып, әлемге танылған жерлестеріміз туралы кеңінен баяндай отырып, тыңдармандар арасында викториналық ойындар ойнатып, Фариза Оңғарсынова, Жұмекен Нәжмеденов шығармаларын оқудан сайыстар өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды,-дейді Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова.

Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өнер саласының мамандары арасында ақынның ұлылығын ұлықтау челенджі бастау алған.

Атыраулықтар жергілікті "Қазақстан-Атырау" телеарнасымен бірлескен жоба "Атырау-Квест" бағдарламасын аптаның әр жұмасында тамашалай алады. Бұл квест ойындары арқылы көрермендер тек музей қорындағы құндылықтарды ғана емес, сонымен қатар облыс орталығындағы мәдениет ошақтарын, атап айтқанда, Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының, Ш.Сариев атындағы өнер музейінің және "Хан ордалы Сарайшық" республикалық қорық-музейіне экскурсия жасау арқылы, көрермендердің бәрі бірдей біле бермейтін "құпия" бөлмелерге де саяхат жасау мүмкіндігіне ие болуда,- деді музей басшысы.
Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 62 мыңнан астам қор бар. Оның 30 мыңнан астамы негізгі, 31 мыңы қосымша қорды құрайды екен. Өткен жылы музейге 1126 дана жәдігер қабылданған. Мұражай басшысының сөзінше олар ерекше дүииелер.

2019 жылы музейге әкелінген мамонт сүйегі бір кездері осы біз мекен етіп отырған өлкеде Тетис теңізінің асау толқындары тулағандығының және осынау алып жануарлардың біздің өлкемізде өмір сүргендігінің бірден-бір айғағы. Оның бір ғана жілігінің ұзындығы 1100 см, салмағы 26 кг. Сонымен қатар, 1980 жылдары Нарын құмынан табылған ХVІІІ ғасырдың ІІ - жартысында пайдаланылған найза ұшы, ХІХ-ХХ ғ. тұрмыста пайдаланылған кілемдердің түрлері, зергерлік бұйымдардан өңіржиек, шашбау, бойтұмар, шекелік, қапсырма, жүзіктер мен белдіктердің түрлері, жез ыдыстар, қазақ халқының ұлттық аяқ киім түрлері - кебістер мен шоңқайма етіктер, тұрмыстық бұйымдар - бітпес, керме, басқұр және кілем тоқитын құрал - тарақтардың түрлері, ат әбзелдері - үйрек бас ер, үзеңгі, құйысқан, жүген, батырдың киімдері мен қару жарақтары - сауыты мен қалқаны, қанжарлар және т.б. тарихи құндылықтардың ғылыми құжаттарын жасақтау және музей жүйесін электрондық форматқа көшіру жұмыстарымен айналысуда.

Атырау музейін atyrau-museum.kz ресми сайтында, Атырау музейі youtube каналында экспозициялық залдарға онлайн экскурсия жасап, өткізілген мәдени-іс шаралардың бейнероликтерімен танысуға болады.

Сонымен қатар izi.travel телефон қосымшасында музей жәдігерлері туралы мәліметтерді үш тілде жүктеп алу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар біздің көрермендеріміз Аtyrau-museum фейсбук, инстаграмм әлеуметтік желілерінде, ONLINE-дa бол бетшелерінде музей тынысы, қашықтықтан жұмыс жасауды қолға алған музей қызметкерлерінің атқарып отырған жұмыстарымен күнделікті сағат 11.00-де әлеуметтік желілерде онлайн таныса алады, - дейді Рашида Харипова.


Өзгелердің жаңалығы