Атырауда екпеден бас тартатын ата-ана аз емес

27 Сәуір 2019, 10:03
2118
Бөлісу:
Атырауда екпеден бас тартатын ата-ана аз емес

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда  жыл басынан бері 100-ден астам ата-ана баласына екпе салдырудан бас тартқан. Ақ халаттылардың айтуынша, олардың 70 пайызы діни көзқарасына байланысты. 

Яғни, ата-аналардың арасында  балаға екпе ексе, ауруға душар болады деген түсінік бар. Мұндай теріс түсініктің алдын алу үшін №7-ші қалалық емханада облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ұйымдастыруымен «Алдын алу. Қорғау. Иммундау» апталығы өтті. 

«Мен баламды толық медициналық тексерістен өткізуім керек. Еш жерінде кінәрәт жоқ па екен, білуім керек. Сәбиім екі айлық қана. Барлық  тексерістен өткен соң ғана екпені салдырамын», - дейді Атырау қаласы тұрғыны Зәуре Ғұбайдуллина.  

Ақ халаттылар екпенің бала денсаулығы үшін ешқандай  зияны жоқ екенін айтады. Мәселен, соңғы 10 жылда қызамық, сіреспе, күл сынды екпемен басқарылатын инфекциялық  аурулар тіркелмепті. Дегенмен, ата-аналардың  қорқынышы әлі де сейілер емес. 

«Екпе салғаннан кейін иммунитет түсіп кетеді. Содан кейін 3 күн бойы қайта қалыптаса бастайды. Организмде анти денелер пайда бола бастайды. Сол кезде баланы суға түсірмеуге, салқынға шығармауы жөн. Себебі үш күнде баланың организмінде сол ауруға қарсы иммунитет қалыптасады»,- дейді Атырау олыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы.
Өзгелердің жаңалығы