Атырауда биіктігі 91 метр болатын тутұғыр орнатылды
PHOTO
31 Желтоқсан 2020, 01:26 1635

Атырауда биіктігі 91 метр болатын тутұғыр орнатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының орталығы Атырау қаласында биіктігі 91 метр болатын тутұғыр ашылды. Бұл туралы облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов мәлімдеді.

Бүгін облыс тарихында ерекше күн болды деуге болады. Қаламызда еліміздегі ең биік Тутұғырлардың бірін салтанатты түрде аштық. Яғни, қаламызға әр беретін айшықты нысандар қатары мемлекеттік рәміздер орналасқан айбынды алаңмен толықты. Көк байрағымыз көкпен ұштасты. Бұл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына тамаша тарту - деді облыс басшысы өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында.

91 метрлік тұғыр мен оған ілінген 29х14,5 метрлік Ту қаланың қай нүктесінен қараса да ерекше көрініп, рух береді.

Сондай-ақ, композицияның орта тұсында қоладан жасалған Қазақстан Республикасының картасы, жоғарғы жағында орналасқан Елтаңба мен шеткі бөліктерінде жазылған Әнұран – намысты жанитын көрініс болып, ерекше әсер беруде. Енді еліміздің мемлекеттік рәміздері орналасқан алаңда маңызды салтанатты шаралар өтеді. Жалпы қойнауына қазына мен тарих тұнған өлкеміз күн санап көркейіп келеді. Атырау еліміздегі сәні мен салтанаты келіскен, қарқынды дамып жатқан шаһарлардың бірі - деді ол.

Өз дәуірінде даңқты бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, бағаналы орда құрған. 

Сондықтан да Ту біз үшін — қанымызда қайнаған намыс, рухты көтеретін құдірет. Атамекеніміздің төріне алып Ту тігу - біз үшін асқан абырой, зор мәртебе. Бұл алаңның атыраулықтар үшін ең көрікті мекенге айналарына сенем. Серуендеуге келгендерге рух беретін, намысын жанитын орындардың бірі болғай! Намыс туы мен жеңіс туын қатар әрдайым жоғары ұстаған халықпыз! Туымыз тұғырлы болсын! - деді Махамбет Досмұхамбетов.


Фото: дереккөз
Загрузка...