Атырауда автокөлік контрабандасымен айналысқан деструктивті діни ағым өкілі ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын жүргізіп, автокөлік контрабандасымен айналысқан деген күдікпен 1989 жылғы ер адамды ұстады. Деструктивті діни ағымның өкілі Ресей Федерациясынан автокөліктерді контрабандалық әдіспен тасымалдаған. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде автокөліктің жалған мемлекеттік белгілері, автокөлікті сатып алу-сату келісім шарттары, сенімхаттар, Ресей Федерациясында тіркелген автокөліктің төлқұжаты, жеке адамдардың куәлігі, тауарға арналған декларация, «Iphone 13» ұялы телефоны мен түбіртектер табылды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір полиция қызметкерлері ұсталған күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201- бабына сәйкес жариялауға жатпайды.