Атырауда «ALTYN ORDA» халықаралық садақ ату турнирі өтіп жатыр

Турнир дәстүрлі садақ атуды насихаттауға, ұлттық спортты дамытуға және халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған.

13 Қыркүйек 2026, 21:11
АВТОР
 13 Қыркүйек 2026, 21:11
13 Қыркүйек 2026, 21:11
144

Атырауда дәстүрлі садақ атудан «ALTYN ORDA» халықаралық турнирі өтіп жатыр. Жарысқа Қазақстан мен 18 мемлекеттен 200-ден астам мерген қатысуда.

Қатысушылар қатарында Венгрия, Өзбекстан, Иран, Үндістан, Корея Республикасы, Ұлыбритания, Франция, Марокко және басқа елдердің спортшылары бар. Турнир дәстүрлі садақ атуды насихаттауға, ұлттық спортты дамытуға және халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған.

Жарыстың ашылуында Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов турнирдің тарихи Сарайшық орналасқан өңірде «ALTYN ORDA» атауымен өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

«Бұл жай ғана спорттық жарыс емес, тарихымызға құрмет көрсету, ұлттық өнерімізді жаңғырту және садақ атуды әлемге Ұлы Даланың мұрасы ретінде таныстыру жолындағы маңызды қадам», – деді облыс әкімі.

Қазір Атырау облысында дәстүрлі садақ атумен 100-ден астам адам тұрақты айналысады. Олардың арасында екі халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сегіз Қазақстан Республикасының спорт шебері және 25 спорт шеберіне үміткер бар.

Жарыстың алғашқы күнінде «Пута» нысанасы бойынша іріктеу кезеңдері өтті. Ерлер арасында Забит Сатоев үшінші орын алса, әйелдер арасында ресейлік Миляуша Халилова қола жүлдеге ие болды.

«ALTYN ORDA» халықаралық турнирі 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Мергендер дәстүрлі садақ атудың бірнеше нысанасы бойынша сынға түседі.

Наверх