Атырау тазалығын әуеден дрондар бақылайды

Атырау тазалығын әуеден дрондар бақылайды
PHOTO
1017

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда қоғам белсенділері ерекше жобаны қолға алды. Олар қала тазалығын дрондармен бақылауға алған. Бұл жобаны «Қыран» деп атаған. 

Талай жылдан бері мұнайлы астананың экологиялық ахуалына алаңдаған белсенділер әуеден осы құрылғылармен бақылау арқылы көп заң бұзушылықтар анықталғанын айтады. Жобаның авторы Арман Хайруллиннің айтуынша, дрондар арқылы түсірілген бейнежазбаны құзырлы органдарға жолдайды екен.



Осыдан 4-5 жыл бұрын Атырау қаласының айналасы өте лас болды. Тіпті, жантүршігерлік жағдайда деуге болады. Қаладан шығып, тұрмыстық қалдықтар, лас қоқыстар, кәріз нәжістерін де төге беретін. Осы табиғатты ластаушылармен біраздан бері күресіп келеміз. Жергілікті полицияның қолында ешқандай дәлел болмайды. Сондықтан оларды жауапқа тарта да алмайды. Ал енді біз дрондармен бақылаймыз. Оған арнайы жасақ құрылды. Күніне екі мезгіл қала сыртына шығып, дрондарды ұшырамыз. Біздің әуе қырандарымыз 20 шақырымға дейінгі арақашықтықты қамтиды. Түрлі заң бұзушылықтар анықталып жатыр. Түсірілген бейнетаспаны құзырлы органдарға жолдаймыз. Әрі қарай заңды жазасын алады, - дейді қоғам белсендісі Арман Хайруллин.


Бұл жобаның басталғанына екі ай жарым уақыт өтіпті. Осы аралықта 30-дан астам заң бұзушылық анықталып, 1 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Қоғам белсенділерінің айтуынша, қазір қалада табиғатты ластауға қатысты заң бұзушылықтар азайған.



«Қыран» жобасы басталғалы қала айналасын ластаушылар азайды. Алғашқы кезде өте көп болатын. Біз бұған қуанып жатырмыз. Сонымен қатар атыраулық қоғам белсенділері тазалық мәселесін біраз жылдан бері көтеріп келеміз. Қалалық бюджеттен 110 миллион теңге бөлініп, 750 гектар жер тазаланды. Осы тазаланған жерлердің әрі қарай ластанбауы үшін де жұмыс істеп жатырмыз, - дейді Арман Хайруллин.


«Қыран» жобасы 6 айға жоспарланған. Бірақ белсенділер әуеден бақылау табиғатты қорғау үшін тиімді әдіс болған соң, осы жұмысты жалғастыруды ойластырып жатқандарын айтады.


Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы