Атырау қаласының маңындағы 37 шаруа қожалығын су басты. Үй мен қорамыз жарамсыз болып қалды деген шаруалар әкімдіктен көмек сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Су астында қалған 37 шаруа қожалығының 18-і төрт-түлікпен, қалған 19-ы егін шаруашылығымен айналысады. Жалпы ауданы 3120 гектар жер су астында тұр. Ондағы үй жануарлары, яғни 793 бас ірі қара, 382 бас жылқы, 117 бас түйе мен 73 бас қой қала аумағындағы өзге ауылдық округтер мен Қызылқоға ауданына көшірілді. Сол себепті мал шығыны жоқ. Ал 54 гектарға егілген жеміс ағаштары, 147 гектар аумаққа егілген мал азықтық шөптері, 1080 шаршы метр жердегі 3 жылыжай су астында қалып, егін шаруашылықтарына айтарлықтай зиян келген.
20 мамырға дейін өз күшіммен техника жалдап, шаруа қожалығының айналасын қоршап алып отырдым. Сол күні таңертең кетті суға. Малды көшіріп үлгердім. Алдында әкімдікте жиналыс болғанда көшіріңдер деп ескерткен. Соның арқасында үлгердім. Сиыр, жылқы бәрін Мақат ауданындағы таныстарыма апардым. Қазір енді әкімдіктен ешқандай да көмек жоқ. Ана төбе, мына төбеге көшіп-қонып, жағалап жүрміз. Басқа біреудің жеріне барсаң, сені ешкім отырғызбайды. Барлық жағдайы жасалған үй, қора бар еді, шөп, тауық бәрі кетті суға. 1,5 метрге дейін тереңдікте суда тұр. Қайықпен барып қарап келдік. Шаруа қожалығының айналасындағы судың қашан кететіні белгісіз енді. Ол үйлер ендігі жарамсыз болып қалды. Қыста да тұра алмаймыз. Қораны бәрін бұзып, қайта салуымыз қажет. Әкімдіктен соған көмек сұраймыз, - дейді «Ұлан» шаруа қожалығының иесі Лұқпан Бисәлиев.
Атырау қаласы бойынша бас-аяғы 265 шаруа қожалығы бар. Оның 126-ы малмен, 139-ы егінмен айналысады. Су басу қаупі бар Қайыршақты, Еркінқала, Алмалы ауылдық округтерінде 180 шаруа қожалығы орналасқан. Ол маңда кәсіпкер ретінде тіркелмесе де, малмен жан бағып отырған тұрғындар да бар. Азаматтар келтірілген залал толық өтеледі деген үмітте.
37 шаруа қожалығы жайылым суының астында тұр. 2 демалыс орны ғана зардап шекті. Суға кеткен басқа үй жоқ. Малдың бәрі ертерек қауіпсіз жерге шығарылды. Адам шығыны жоқ. Оларға қажетті жанар-жағармай, құрал-саймандары, қажетті заттары қазіргі уақытта беріліп жатыр. Ал шығындары ертең комиссиямен тексерілгеннен кейін ғана өтеледі, - дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.
Бүгінге дейін қала бойынша 257 шақырым бөгет тұрғызылған. Қазір шенділер мен жауапты компаниялар ағынды қалаға кіргізбеу үшін жанталасып жатыр. Жайық жағасы мен учаскелерге барлығы 68 компания жұмылдырылыпты. 350 техника да жүрген көрінеді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов Бесікті ауылы маңындағы учаскеге жауапты. Қазір бөгет беріктігін бақылауда ұстап, тәулік бойы күзетіп отырғандарын айтады.
1-2 күн бұрын желдің қатты соғуына байланысты қауіп болды. Қолымыздағы техниканың бәрін сол аумақтарға жұмылдырған болатынбыз. Қазір бәрі қалыпты. Су әлі келіп жатыр. Сол себепті қосымша шатырларды қою, бөгеттердің беріктігін бекіту сынды жұмыстарды әлі атқарып жатырмыз. Бұл жерде 25 арнайы техника жүр. Күнделікті қолғабыс етіп жүрген 40-50 шақты сарбаз бар, төтеншеліктер бар. Бөгет 24 сағат бойы күзетіледі,-дейді Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.
Қазір Индер ауданында судың деңгейі біртіндеп түсіп келеді. Шекті деңгей 845 сантиметр болса, судың қазіргі деңгейі 961 сантиметр болып тұр. Махамбет ауданында межеден 168 сантимертге асып тұр. Осы ауданға қарасты Талдыкөл ауылы әлі су қоршауында тұр. Ауылдан эвакуацияланған тұрғындар арнайы жасақталған пункттерде. Махамбет ауданындағы жалпы ахуал тұрақты. Қаланың өзінде Жайық өзенінің деңгейі шекті межеден 50 сантиметрге асты. Төтеншеліктер мол су шаhарға әлі келген жоқ дейді.
Мол су қазір Махамбет ауданында. Ол қалаға әлі келген жоқ. Жайық өзенінің деңгейі тәулік бойы көтеріліп жатыр. Алдын ала болжағанда, су шамамен 6 метрге дейін көтеріледі деп айтылған еді. Қазір сол 6 метрге жетіп қалды. Әлде де көтеріледі. Өзен бойында орналасқан елді мекендерге қауіп төніп тұр, - деді Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Руслан Шариев.
Су шайғанына 2 айға жуықтаған Атырау облысы Құлсары қаласында шығын көлемін есептеу әлі жалғасып жатыр. Қазірге дейін баспана сатып алуға және тұрғын-үй құрылысын жүргізуге 1200 адам өтемақы алған. Одан өзге үйінен айырылғандарды баспанамен қамту мақсатында, Болашақ ықшам ауданындағы 100 үйдің құрылысы басталып кетті. Жергілікті 3 компания қолға алған жұмыс қыркүйекте аяқталып, нысан күзде қолданысқа беріледі. Зардап шеккен кәсіпкерлерге келген залал құны да анықталуда.
Шағын кәсіпкермін. Отбасылық бизнесіміз бар. Мемлекеттік грант алып ашқан цехымда күніне 10-нан астам көрпе тігетінмін. Балаларым да көмектеседі. Судың кесірінен кәсіп тоқтап тұр. 6 млн теңгеге алған техникам, мына ғимаратым бәрі құлап қалды. Бәрі жарамсыз. Жауаптылар келіп қарады, бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мемлекеттен тиесілі көмекті, қаржыны алып, жұмысты қайта бастаймын деген ойдамын, - дейді құлсарылық кәсіпкер Гүлбану Жұмақұлова.
Құлсары қаласы бойынша тасқыннан 325 шағын және орта бизнес субъектісіне зиян келген. Оның ішінде азық-түлік дүкендері, тігін цехтары, дәмханалар, жылыжайлар, қоймалар мен шаруа қожалықтары бар. Қазір 137 ғимарат техникалық тексерістен өтіпті. 17 нысанның жарамсыз екені белгілі болған. 97 ғимаратқа ағымдық жөндеу, 14 ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары қажет.
Қазір төтенше жағдай кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер құжат жинап жатыр. Шығынды өтеу қашан басталатыны әзірге белгісіз. Әкімдіктегілер өтемақы тауарлық-матреиалдық, жылжымайтын мүлік үшін, сондай-ақ жылжымалы мүлік пен құрал-жабдық үшін деп бөлініп, негізгі үш бағыт бойынша беріледі дейді.
Еске салсақ, бұған дейі жауапты басқарма өкілдері Құлсары қаласының кәсіпкерлеріне келген шығын көлемі шамамен 6,4 млрд теңге деген болатын. Алайда оның нақты сомасы, қайдан өтелетіні әлі белгісіз.