Ақтөбе облысында егіс егу жұмыстары қашан аяқталады?

29 Мамыр 2024, 19:02
601
Бөлісу:
Ақтөбе облысында егіс егу жұмыстары қашан аяқталады?
Фото: автордан

Ақтөбе облысында көктемгі егіс егу жұмыстары 5 маусымға дейін аяқталады деп күтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы егіншілік және тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаев айтып берді.

Өңірімізде бүгінге дейін 402,6 мың гектарға егіс егілді. Бұл — биылғы жоспарланған егіс алаңының 67 пайызы. Атап айтсақ, 314,8 мың гектарға дәнді дақылдар, 45,8 мың гектарға майлы дақылдар, 39,3 мың гектарға мал азығы, 2,7 мың гектарға картоп, сондай-ақ көкөніс егіліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл сәуір айының аяғында басталған болатын. Шаруашылықтардың қарқынды жұмыс істегенінің нәтижесінде тәулігіне орташа есеппен 25-30 мың гектарға тұқым себіліп, жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр. Ауа райы жақсы болса бұл бағыттағы жұмыстар 5 маусымға дейін аяқталады деп жоспарлануда, — дейді Нұрбек Райымбаев.

Оның айтуынша, биыл Ақтөбе облысына 7,2 мың тонна дизель отыны бөлінген. Жауапты операторлар — «АЗС-Лидер» ЖШС мен «Батыс Жер» ЖШС шаруашылықтарға дизель отынын уақытында жеткізіп берген. Өңірдегі 1 литр дизель отынының бағасы — 249 теңге.

Биылғы егіс егу науқанына облыс бойынша 1,6 мың трактор, 1,3 мың тұқым сепкіш, 1,6 мың техника жұмылдырылды. Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы көктемгі егіс егу және күзгі егін жинау жұмыстарына 11,55 миллиард теңге қаражат бөлді. Бұл қаржы өңірімізге минералды тыңайтқыштар мен дизель отынын, ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін алуға және тағы да басқа қажеттіліктерді өтеуге мүмкіндік береді. Біздің ендігі үмітіміз — биылғы егіс мол шығып, шаруаларымыз жақсы нәтижеге қол жеткізсе екен, — дейді Райымбаев.

Өзгелердің жаңалығы