Атырау полициясы қатарына жас мамандар қосылды

7 Маусым 2020, 13:35
1737
Бөлісу:
Атырау полициясы қатарына жас мамандар қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау полициясы қатарына жас мамандар қосылды, деп хабарлады Polisia.kz.


ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тікелей нұсқауына сай, жоғары оқу орындарының түлектерін тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында,  2019 жылдың сәуір айында Полиция Департаменті бастығы Қ.Б. Үмбетқалиев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ректоры, М.Бөкенбаев атындағы ҚР Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе заң институтының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, профессор, полиция полковнигі А.М. Сайтбеков арасында үш жақты меморандумға қол қойылған болатын.

Осы меморандум аясында студенттерді жыл сайынғы тәжірибеден өткізу, полицияның қоғамдық жұмыстарына тарту жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Атырау облысы Полиция Департаментімен бірлесе атқарған жұмыстары нәтижесі айтарлықтай.
Жалпы құқықтану саласы бойынша мамандар біздің өңірде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде дайындалады. Біз мамандар дайындауды сапалы жүргізу мақсатында ұзақ жылдардан бері өзара іскерлік және ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында жұмыс жасап келеміз. Полиция департаменті “Құқықтану” мамандығы түлектерінің басты жұмыс берушілері болып табылады. Меморандум шеңберінде “Құқықтану” мамандығының білім бағдарламасына талдау жасалып, ұсыныстар берілді. Осындай ұсыныстар негізінде білім бағдарламаларына өзгерістер жасалды, – деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Саламат Ыдрысов.
Департамент университетте құрылған “Заң клиникасы” жұмысының жандануына бірден-бір қолдау көрсетіп келеді. Жыл сайын өтетін дәстүрлі “Жас маман” жұмысқа бөлу жәрмеңкесіне Полиция Департаменті белсенділікпен қатысып келеді. Полиция департаменті базасында студенттерге арналған “Ашық есік күні”, дәрістер, семинарлар, дөңгелек үстел шаралары ұйымдастырылып тұрады. Тұрақты байланыс нәтижесінде, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті студенттерінің полиция қызметіне деген қызығушықтары артып жатыр.

Жыл сайын, “қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесімді қосамын” деген студенттер саны артып жатыр. Атырау облысы бойынша Ішкі істер органдарына келген жас қызметкерлер Полиция департаментінің жолдамасымен ІІМ Малкеджар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында үш айлық арнайы курстардан өтіп отырады.

Аталған курс барысында жас мамандар кәсіби даярлық,  атыс даярлығы, психологиялық даярлық, жауынгерлік күрес тәсілдері,т.б. бойынша дәрістер өтумен қатар, полиция қызметіне қатысты өзге де қажетті пәндер бойынша оқытылады. Жақында, Полиция департаментінде бастапқы даярлық курстарын сәтті аяқтаған  бір топ қызметкерлерге алғашқы  полиция лейтенанты арнаулы атақтары мен қызметтік куәліктер салтанатты түрде табыс етілді.

Жаңадан қабылданған полиция қызметкерлері оқу орындарынан алған білімдерін алдағы уақытта тәжірибемен ұштастырып, тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өздерінің үлестерін қосады деген сенім мол. ІІО қатарына қосылған жастарға Анттарыңызға адал болып, қиыншылығы мен жауапкершілігі қатар жүретін қызметтеріңізге сәттілік тілейміз.



Өзгелердің жаңалығы