Атырау облысында жел электр станциясы салынып жатыр

28 Маусым 2022, 10:10
2497
Бөлісу:
Атырау облысында жел электр станциясы салынып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысында екі жыл бұрын басталған жел электр станциясының құрылысы аяқталып қалды, деп хабарлады Хабар 24.

Мамандар желді өңірде экологиялық таза, шығыны аз қуат көзін тапты. Сағатына 48 мың киловатт электр энергиясын өндіретін нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

Станция бүкіл Мақат ауданын жарықпен қамтамасыз етеді деп жоспарланып отыр. Қысы-жазы желі үзілмейтін мұнайлы өңір үшін желден электр энергиясын өндіру өте тиімді екені сөзсіз. Бұған дейін Исатай ауданына қарасты "Манаш" елді мекені маңайынан осындай жоба жүзеге асқан еді. Енді міне Мақат ауданында жел электр станциясы бой көтерді. Қазір 500 гектардан астам аумаққа 24 жел генераторының қадасы қағылды.

Қазір біздер 8 құрылғыны орнатып қойдық. Тоғызыншысы дайын болып қалды. Өндірілген қуат аудандарға, тұтынушыға таратылады. Артықшылығы – экологиялық таза, шығын жоқ, - дейді электрик-монтажник Әлижан Жұмабаев.

31 мыңнан астам тұрғыны бар, 3 елді мекен мен 2 кент орналасқан ауданда электр қуатына деген сұраныс жоғары. Себебі мұнайлы Мақат атанған өңірде жаңа өндіріс орыны жыл санап көбейіп келеді. Аудан 12-15 мегаВатт электр энергиясын тұтынады. Энергия тарифы жыл санап өсіп жатқаны да жасырын емес. Енді жаңа жоба жүзеге асса, ШОБ нысандары үшін айтарлықтай жеңілдік болары сөзсіз.

Жоба 70 процентке аяқталып тұр. Бұл жерді үнемі жел болып тұратындықтан таңдадық. Қажетті заттардың барлығы жеткілікті. Адамдар, бәрі бар. Құдай қаласа, сол белгіленген уақытта бітіруге әрекет жасап отырмыз, - дейді учаске басшысы Берлібек Айтқожаев.

Қазір жоба құрылысында 50-ден астам адам еңбек етіп жатыр. Олардың басым көпшілігі жергілікті азаматтар. Келешекте олар арнайы курстардан өтіп, біліктіліктерін шыңдайтын болады.

Жоба толық жүзеге асқанда бұл жел электр станциясы сағатына 48 мегаВаттқа дейін қуат бере алады. Бұл дегеніңіз, Мақат секілді екі ауданды толықтай қамтуға жетеді, дейді мамандар.

Өзгелердің жаңалығы