Атырау облысында карантин ұзартылып, шектеу шаралары күшейтілді

19 Қаңтар 2021, 11:41
1623
Бөлісу:
Атырау облысында карантин ұзартылып, шектеу шаралары күшейтілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкіметтің онлайн отырысында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты.

Атырау қаласы мен аудандарында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Облыс бойынша соңғы аптада КВИ-дің 564 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 379 жағдай Теңіз кен орнындағы вахталық қалашықтарда анықталды. Облыста анықталған жағдайлар 81%-і, сондай-ақ Теңіз кен орнында анықталған жағдайлардың 89 пайызы симптомсыз. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен Теңіз кен орнында карантин ұзартылып, шектеу шаралары күшейтілді, - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, облыста 1 933 инфекциялық төсек-орын әзірленген. Стационарда 864 науқас емделіп жатыр.

Төсек-орын жүктемесі 45 пайызды құрайды. 13 науқас реанимацияда жатыр. Облыста 4 МРТ аппараты, 12 компьютерлік томография аппараты, 27 рентген аппараты, 669 оттегі консентраты, 267 ӨЖЖ (ИВЛ) аппараты, 113 жедел медициналық жәрдем көлігі, 7 жылжымалы медициналық кешен бар, - деп баяндады ол онлайн отырыста.

Барлық медициналық ұйымда жеке қорғаныш құралдарының 2 айлық қоры бар. Облыста тәулігіне 7 мыңға жуық зерттеу жүргізу мүмкіндігі бар. 11 ПТР зертханасы жұмыс істеп тұр.

Індет басталғаннан бері облыста 575 мың зерттеу жүргізілді. Соңғы аптада орташа тәуліктің көрсеткіш 3 975-ті құрайды. 2021 жылдың қаңтар айында жүргізілген ПТР зерттеулердің саны өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 23,5 пайызға артық. Облыста карантиндік шаралардың сақталуын бақылау мақсатында 110 мобильді топ жұмыс жасап жатыр, - деп түсіндірді Махамбет Досмұхамбетов.

Облыс әкімі айтқандай, бүгінгі күні 10 600 рейд жүргізіліп, 33 422 объекті тексерілген. 623 материал бойынша 95 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.

Өзгелердің жаңалығы