Атырау облысында бір күнде 45 тонна қоқыс жиналды

16 Қазан 2022, 15:28
1080
Бөлісу:
Атырау облысында бір күнде 45 тонна қоқыс жиналды

Атырау облысында сенбілік өтіп, 1 мыңнан астам адам 45 тонна қоқыс жинады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ҚазАқпарат жазды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың айтуынша, сенбілік «Жер-Ана» атауымен ұйымдастырылған.

«Табиғатта қоқысқа жол жоқ» деп аталған жалпы ұлттық экологиялық акциясы аясында өткен сенбілікке 1 мыңнан астам адам қатысқан. Оның ішінде экология департаментінің мамандары, аймақтың атқарушы органдардың, кәсіпорындардың өкілдері, экобелсенділер мен студенттер бар. Қоқыстарды шығаруға 23 техника тартылған.

«Жыл сайын бұл акциядан шет қалмаймыз. Бұл – өте керек іс-шара. Биыл Атырау облысында экосенбілік кезінде бес аумақ қамтылды. Сенбіліктен аудандар да шет қалған жоқ. Мақсатымыз – қысқы маусымның алдында жағалауларды, саябақтар мен скверлерді қоқыстан тазарту. Іс-шара жұрт назарын қоршаған ортаның ластану мәселесіне, табиғатты сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызына аударуға бағытталды», -дейді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов.

Оның дерегіне қарағанда, сенбілікке қатысушылар 1 591 тал көшетін еккен. Облыс аумағынан 45 тонна қоқыс жиналған. Қоқыстың арасында қайта өңдеуге болатын қалдықтың кейбір түрі бар. Сол себептен, сұрыпталған қоқыстар арнайы кәсіпорынға қайта өңдеуге жіберілді.

Бұл акция қазан айының соңына дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы