Атырау облысында бала тәрбиесіне қатысты дау көбейген

30 Шілде 2021, 16:30
4373
Бөлісу:
Атырау облысында бала тәрбиесіне қатысты дау көбейген

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында баланың тағдыры тәлкекке түсетін азаматтық істің көрсеткіші артып тұр. Судьялардың айтуынша, бұған неке бұзу істері көбейгендігі себеп екен.

Отбасындағы мән-жай азаматтық істердің көбеюіне әсер етіп отыр деп санаймыз. Жарты жыл ішінде облыста ата-ана құқығынан айыру немесе шектеу бойынша 26 талап-арыз түскен. Бірақ бұл былтырмен салыстырғанда азайды. Ал ата-ана құқығын қалпына келтіру бойынша 2 талап-арыз қаралып, шешім шығарылды. Әкелікті таныту және алимент өндіру бойынша талап арыз 2 есеге көбейді. Алимент мөлшерін өзгерту және азайту санатындағы арыздар да көбейіп кетті. Сонымен қатар баланың тұрғылықты жерін анықтау бойынша 37 іс, баламен кездесу уақытын белгілеу 41, бала асырап алудың күшін жою 4 және бала асырап алу 35 іс қаралып, шешім шығарылды. Атырау облысында ажырасу көбейді. Осыдан кейін балаларына қатысты дау туындайды, - дейді Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін уақытша атқарушы Ғизатолла Отарұлы.

Сондай-ақ облыста ата-аналардың, не олардың заңды өкілдерінің балаларды тәрбилеу, оқыту міндеттерін орындамауы бойынша әкімшілік іс көбейген.

Ата-аналар мен олардың заңды өкілдеріне қатысты жарты жыл ішінде 109 іс қаралды. Былтырмен салыстырғанда көбейді. Сонымен қатар жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-анасыз жүруіне қатысты 49 әкімшілік іс қаралды. Мұның барлығы ата-ананың өз заңды міндеттерін дұрыс орындамауы, сондай-ақ, жайсыз отбасындағы балалардың жағдайы, - дейді судья Ғизатолла Отарұлы.

Өңірде жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыстардың көрсеткіші бірқалыпты. Ал кәмелет жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас, не секуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау бойынша қылмыстар азайған. Бірақ жыл басынан бері мұндай санаттағы 9 қылмыстық іске үкім шыққан.

Өзгелердің жаңалығы