Атырау облысы мен Жапонияның арасындағы тауар айналымы 250 млн доллардан асты

29 Қазан 2019, 22:36
1114
Бөлісу:
Атырау облысы мен Жапонияның арасындағы тауар айналымы 250 млн доллардан асты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаимен кездесті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы екі ел арасындағы өзара байланыстың маңыздылығына тоқталып, ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 22 қазанда өткен Жапония Императоры Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысқанын атап өтті.

"Қазақстан мен Жапония арасындағы байланысты алға қарай дамыту жайы Елбасының сіздің елге сапарында талқыланған болатын. Қазақстан президенті жергілікті атқарушы билік органдары алдына инвестиция тарту мәселесін қойды. Шетелдік қатысы бар мыңнан астам компания жұмыс істейтін Атырау облысы инвесторларға тартымды аймақ болып отыр және тек мұнай-газ секторында ғана емес. Біз экономиканың басқа да салаларындағы жобаларды қарап, сіздің тарапқа ұсынуға дайынбыз", - деді Нұрлан Ноғаев. 

Жапонияның Қазақстандағы елшісі Тацухико Касаидің айтуынша, екі ел арасында берекелі байланыс орнаған. Жапондық бизнес-қауымдастықтың аймаққа деген қызығушылығы жоғары. Қазақстанда Жапония инвесторларының қатысуымен 80-нен астам компания жұмыс істейді. Атырау облысында 4 компания бар. Атырау облысы мен Жапонияның арасындағы тауар айналымы 250 млн доллардан асты.

Облыс әкімі бұл көрсеткішті әлі де арттыра түсу үшін тауар айналымын көбейтіп, инвестициялық жобаларды іске асыратын біріккен кәсіпорындар құру керектігін айтты. 

Кездесуге Жапониядағы ірі мұнай өндіруші "Inpex Corp" компаниясының қазақстандық бөлімшесінің директоры да қатысты. Бұл Жапония бизнес қауымдастығының Атырау аймағына деген қызығушылығын аңғартады.

Еске салсақ, бұл облыс әкімінің Жапонияның ірі компанияларының жетекшілерімен алғашқы кездесуі емес. Бұдан бұрын да Атырауға аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерімен танысуға "Metal One Corporation", "Metal One Steel Products Corporation" секілді басқа да компаниялардың басшылары келген болатын. Бұл кездесуде жапондық инвесторлар Атырауда зауыт салуға ниетті екендерін мәлімдеді.

Мұнайлы өңірде "TokyoRope International" компаниясымен тығыз байланыс орнаған. Қазан айының басында компания Атырауда өз өкілдіктерін ашты. Компания алғашқы жобасын Алматыда жүзеге асырған. Содан кейін жапондық бизнес Атыраудағы жобаларға қызығушылық білдірді. "TokyoRope International" компаниясын Қазақстанға тарту ҚР Тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға сапары кезінде мүмкін болды. 

"TokyoRope International" компаниясы кеңсесінің Атырауда ашылуы бірнеше жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Жобалар қатарында Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмысы да бар.

Өзгелердің жаңалығы