Ноғаев: Атыраулықтар Арыстағы жағдай тұрақтанғанша көмек беруді тоқтатпайды

5 Шілде 2019, 17:51
2285
Бөлісу:
Ноғаев: Атыраулықтар Арыстағы жағдай тұрақтанғанша көмек беруді тоқтатпайды

Түркістан облысы, BAQ.KZ. Арыс өңірінде болған жарылыстың салдарынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру бойынша, Арыс қаласын бірнеше секторға бөлген болатын. Атырау облысының үлесіндегі секторда бүгінгі күні жұмыстар атқарылып жатыр.

Арыс қаласында орын алған әскери қоймадағы оқ-дәрінің жарылу салдарынан болған зардапты жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атырау облысына бөлінген секторда 482 үйді қалпына келтіру жұмыстары бар. Соның ішінде 24 үй жарылыстың салдарынан мүлдем жойылған. Ал, қалған үйлердің терезелері, төбелері және ішкі құрылыстары сынған. Қазіргі таңда сол жұмыстарды қалпына келтіру үшін облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі және басқарма басшылары Арыс қаласына барып, толық қанды жұмыстар аяқталғанға дейін Арыс өңірінде болатын болады. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтің айтуынша, жөндеу жұмыстарына техникалар мен 500-ге жуық адам жұмылдырылған.

"Арыстағы төтенше жағдай орын алғаннан кейін, атыраулықтарда көмек көрсету шарасына белсенді араласып кетті. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің, мемлекеттік қызметкерлердің, тұрғындардың ашылған шотқа аударған 100 млн-дай қаражаты бүгінгі күнде аударылып отыр. Одан басқа, атыраулықтардың жинаған азық-түлігі ,киім-кешегі, басқа да тұрмыстық жағдайға қажет заттардың 4 жүк машинасы Арысқа жеткізілді. Атыраулықтар «Арыс, біз біргеміз» акциясының қатысушылары ретінде, Арыстағы жағдай толығымен бітпейінше, көмек беру іс-шараларын әрі қарай жалғастыра беретін боламыз", - дейді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Өзгелердің жаңалығы