Атбегі ару – Аружан

17 Наурыз 2023, 10:14
2507
Бөлісу:
Атбегі ару – Аружан
Фото: Аружанның жеке мұрағатынан

Арғымақ атты өзінің ырқына көндіріп, құлағында ойнайтын қазақ қыздары аз емес. Олардың бірі әрі бірегейі – Аржан Амангелдіқызы, деп жазады Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бойжеткен бұрын тек жергілікті жұрт арасында танымал болса, қазір әлеуметтік желінің арқасында көпті өнеріне сүйсіндіріп, алыс-жақын шетелге танылып келеді.

Аружан қазір Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық универститетінің дене шынықтыру және спорт мамандығында білім алып жүр. 1-курс студенті. Сонымен қатар он сегіз жастағы бойжеткен бір жылдан бері Алматы «Топ жарған» орталығында шабандоз болып жұмыс істейді. Ат десе ішкен асын жерге қоятын ару сүйікті ісіне де, оқуына да уақыт табуға тырысады.

Шабандоз болуға қанша жасыңыздан бастап бетбұрдыңыз?

– Жылқыға деген қызығушылығым бала күнімнен басталды. Алғаш 5 жасымда ешкімге айтпай үйдегі асау атқа мініп алғаным бар. Осылайша, 9 жасыма дейін Жирен есімді атымды мініп жүрдім. Отбасымызбен жылқымен айналысқандықтан аттардың түр-түрін кездестірдім. Соның ішінде өзімді ғана мінгізетін, адам таңдайтын сары атым болды. Оны 3 жылдай міндім. Мені ғана қасына жақындатып, мені ғана мінгізетін еді. Сол қасиетімен жүрегімде қалып қойды. Ауыл аймақ, тұған-туыстың барлығы екеуміздің арамыздағы байланысқа қатты сүйсінетін. Ол атты бір кісілер сатып алғанда қимадым, қатты күйзеліске түстім. 

Атбегі ару – Аружан

– Жылқылар бір-бірінен қалай ерекшеленеді?

– Жылқылар бір-бірінен мінезі, тұрпаты, бітімі арқылы өзгешеленеді. Жақсы атты айыра білу, жылқы танитын адамға оңай. Жылқының көзінен байқай алады. Жалындап тұрған, көзінен от шашып тұрған аттың болашағы бар. Жүйрік атты таңдау, оның сынын, бабын білу әркімнің қолынан келе бермейді. Оның құлағы қамыс құлақ, басы ешкі бас, бақайы тік, құйма тұяқ, аяғы жіңішкелеу келген, шоқтығы биік, сауыры үлкен, жалпақ болған аттар қашанда алдыңғы қатарда жүреді.

Олар әрдайым өзінің күшіне, өзінің мінезіне сенеді. Біз аттарды құлын кезінен ажыратамыз. Бәйге мен көкпар атының сыны, тұрпаты, бапталуы да әр түрлі болады. Егер жылқының бойы сұңғақ, аяқ қолы жіңішке, бастары кішкентай болса, оны бәйге атына жатқызамыз. Олардың шапқан кезде желді жарып өтетін өздеріне сай жіңішке дене бітімі болады. Ал көкпар атының көбірек көңіл бөлінетін жері – төсі. Дене бітімі жуан, мықты, жүректі болуы қажет. Қазіргі уақытта ағылшын аты мен араб атының буданы бәйгеге көптеп қосылады. Ал таза қазақы жылқыларды көрмейміз. 

Негізі қазақ жылқылары өте төзімді болғандықтан оларды тауға да, тасқа да және мал шаруашылығына да салады. Аламан бәйгеде басқа елден келген будан аттар жүлделі болады. Біздің өңірде бұрыннан келе жатқан таза қанды қазақы жылқылар көп кездеседі. Олардың бойы сұңғақ, аяқтары жуан, кең далада жайылып өскендіктен көзқарастарымен, асау мінезімен ерекшеленді.

– Ат жаратып, бәйгеге ат дайындап көрдіңіз бе? Жарыс аты қалай бапталады? Оның дайындығында нені ескересіздер?

– Ауылда ағам екеуміз көкпар аттарын даярладық. Атты суытып, белгілі бір уақытта жем-шөбін береміз. Дайындығын пысықтаймыз. Оларды мініп, суға шомылдырып, тазалап, бір уақыт көңіл бөлу керек. Алматы қаласына келгелі бәйге аттарын даяралауды қолға ала бастадым. Үйреніп жатқан дүниелерім өте көп. Бұл жерде әр аттың өзінің жүретін уақыты, жолы бар. Өзінің салынатын ат-әбзелдері бар. Оны шатастырмауымыз керек. Мәселен, бәйге жақындаған сайын жүретін қашықтық та арта түседі. Басында 3-4 сағатта 1,5 шақырым жол жүреміз. Одан кейін желдіріміз, сосын шабамыз. Жылқыларды көбіне ерте жастан үйретуге тырысамыз. Дегенмен, оларды үйрету мінездеріне де байланысты. Қыңыр мінезді болса қиын бола бастайды. Себебі кей-кездері апталап үйретуге тура келеді. 2-3 жасқа толған аттарды абайлап міну қажет. Себебі олар оңай бас бермейді. Зілі жуас аттар 1-2 күнде, мінуге жарайды.

Атбегі ару – Аружан

– Жылқымен байланысты қызықты сәттермен бөлісе отырыңыз. 

– Ең қызықты сәттер асау үйрету кезінде болады. Ауылдың бала-шағасының барлығы жиналып жабағы-тайларды үйретеміз. Сол кезде құлаймыз, кейде жылаймыз. Ақыры сол атты үйретпей, мінбей қоймаймыз. Әр құлаудың өзі бір кино секілді елестейді. 

Асау үйретуде жалғыз қыз мен болғандықтан көңілдің барлығы маған бөлінетін. Сол себептен аттың үстінде құламауға, намысты бермей үйретіп шығуға тырыстатынмын. Көп адам жылқыдан 1-2 құлағасын қорқып қалады. Бірақ мен жылқыға өз қорқынышыңды білдірмеу керек деп айтар едім. Қайта құлғанға қаймықпай, оны үйретемін деген құлшыныс болса, ат сізге бағынады. Ең бір есте қалғаны – терең судан өтіп бара жатқан кезде құлағаным бар. Астымдағы атым кенеттен үркіп қалып, суға бірге құладық. Сосын суда атпен арпалысып, тақымды жібермей бірге жағаға жеттік. Балшық сумен арпалысып, су да жұттық. Осы бір оқиға есте қалған еді. «Ат жалын төсейді» демекші, құлаған кезде бір жерім майып болып, аяқ-қолымды шығарып алған кездерім болмапты.  

Атбегі ару – Аружан

– Ат спортының қандай түрімен айналысасың?

– Алғашында көкпарға қатыстым. Ауыл арасында, ұлдармен қатарласып бірге тартысатын едік. Жазда Меркі ауданының тауында боламыз. Сол кезде қойшылардың арасында көкпар болады. Үлкен кісілер менің барғанымды қызық көріп, өздері жерден алып, менің алдыма салып беретін. Мен оны алып қашып, үйлерге түсіреміз. Өзіммен шамалас жігіттер болғанда күшіміз тең болып қалатын. Тартысып, таласып ойнайтын едік.

Наурыз кезінде қыз қуу ойынына қатысатынмын. Алматы қаласына келгенде ауылдағы жылқыларымды сағынып жүрдім. Содан біраз уақыт өткенде маған бір кісі хабарласып, қыз қууға шықсаң деген ұсыныс айтты. Мен бұл мүмкіндікті пайдаланып, алғаш рет «Топ жарған» орталығына бардым. Сөйтіп қайтадан ат спортына жақындадым. Қазіргі таңда жамба ату ойындарына қызығушылық танытып, үйреніп жүрмін. Сабақтан кейін уақытымды «Топ жарған» орталығында өткіземін. Ол орталық қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеуді басты мақсат етеді. Теңге ілу, жамба ату, қыз қуу секілді ойындарды насихаттайды. 

– Осы салада өзіңе үлгі тұтатын тұлғалар барма?

– Кішкентай кезімнен Томирис ханшайымның жылқыға мінуі, жылқыны басқара алу техникасы ұнайды. Жылқының үстінде отырып рухты сезіне білуі ерекше. Жылқы баптауды өзімнің атамнан үйрендім. Атамды өзіме үлгі тұтамын. Себебі ол кісінің айтқан әрбір сөзі маған қалаға келгенде де, атқа мініп жүргенде де үлкен пайдасын тигізеді. Кейбір адамдарға менің атам былай айтатын деп ой бөлісіп отырамын. 

Атбегі ару – Аружан

Мәселен, терлеп тұрған атты жібере салуға болмайды. Ат суытылу керек. Бір жерге баратын кезде, атты алдын ала жемдеп қоймау қажет. Себебі ұзақ жолға жүретін ат, тоқ болса ұзаққа бармайды. Тоқ аттың аяғына жем түсіп, зорғып, май жұтып қоюы мүмкін. Сол себептен алдын-ала дайындалған ат ұзаққа барады, жолда қалдырмайды деп айтып, ақыл-кеңестерін берді. Осыларды қазір адамдарға айтсам, «оның барлығын қайдан білесің?» деп таңданып жатады. Құдай берген адам бар. Сол кісіден үйрендім деп күліп қоямын. Ат спортының ішінде «Жамба ату» ойыны арқылы көзге түскен Әлия Әбікен деген әпкем бар. Ол кісінің көздеуі, атта шабуы, садақ тартуы ерекше ұнайды. Садақ атуға деген қызығушылығымды сол кісі оятты десем болады. Нағыз Томирис сол кісіні көрген кезде ойға түседі.

– Жылқының тұяқтары, жүрісіне әсере ете ме?

– Жылқы бапталуы оның тазалығынан басталады. Оны тарап, денесін таза ұстаған сайын өзінің берекесін ала келеді. Әр жылқының тұяғы әр түрлі. Шыны қойған кезде, көлденеңнен сызық болса, онда жылқының тұяғы мықты. Яғни тез жарылмайды. Ал сызықтары тігінен болса тұяғы әлсіз. Неге десеңіз тұяқтар жерді басқан кезде жарылып кетуі мүмкін. «Жақсы ат аяқтан қалады» демекші, ең бірінші аттың аяғына көңіл бөлінуі керек. Тас жерде тағалап ұстаймыз. Жұмсақ жерде тағасын алып, тұяғының өскенін қадағалаймыз. Аттың аяғына арнайы көңіл бөлеміз. Оның тірсектеріне, бақайына ерекше назар аударамыз. 

Атбегі ару – Аружан

Жылқы ауруы көп. Солардың ішінде аттың жауына айналған – іш қатуы. Осы бәлемен жылқы жануары кез келген уақытта ауырып қалуы мүмкін. Сосын ол дірілдейді, терлейді, не істерін білмей кетеді. Мұндай кезде аттар жатаған болады. Біз дәрілерін салып, жиі-жиі суын беріп, жүргізу арқылы айықтыруға тырысамыз. Ауырған атты емдеген сайын біз де өзімізге тәжірибе жинаймыз. 

– Адамдар атқа мінгенде нені білуі керек?

– Аттың үстінде адамдар тырысып, денесін жинап отырады, ол дұрыс емес. Ат барлығын сезеді, айналасын, үстінде байқай алады. Адам қорыққан кезде, ол да тыпыршып, сүріншек келеді. Тізгінді жібермей, мығым ұстағанда адамға бағынады. Үстінде еркін отырып, тақымды бос ұстап, тізгінді жинап, бір қолмен ұстап отырса, ол атта адамның еркіне қарай жүреді. 

Жылқы малын адамдармен салыстырып қарасақ, жылқының ерекшелігін байқаймыз. Жылқы малы өзін баптаған адамды өмір бойы есінен шығармайды. Бір алма берсе, сол адам жылқының есінде қалып қояды. Мен бар сырымды, мұңымды жылқыға айтамын. Себебі жылқы сырымды ешкімге айтпайды, ішінде қалдырады. Қайта мен бір сергіп қаламын. Жылқы зілі жуас, адамға бейім келген жануар. Өз күнін өзі көре алса да, адамға жақын. Тіпті жылқы малын адамның бір бөлшегі ретінде қарастыруға болады

- Сұхбатыңызға рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы