Ата заңымыз әділдік пен теңдіктің символына айналды – Қошанов

30 Тамыз 2023, 10:00
797
Бөлісу:
Ата заңымыз әділдік пен теңдіктің символына айналды – Қошанов
Фото: BAQ.KZ

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Ардақты ағайын! 

Баршаңызды Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! 

Бұл мерекенің барлық қазақстандық үшін маңызы ерекше. 

Өйткені, Ата заңымыз – елдік пен егемендіктің алтын діңгегі, өрлеу мен жаңғыруға жол бастаған еліміздің басты құжаты.

 Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұйытқы болуымен Конституцияның үштен бір бөлігі жаңарып, негізгі саяси институттар қайта түледі. Бұл қадам бірінші кезекте әділетті мемлекет құруға бағытталып отыр. Осылайша ел дамуының жаңа дәуірі басталды деуге болады. 

Бүгінде Ата заңымыз әділдік пен теңдіктің символына айналды. Әр қазақстандық үшін бірдей мүмкіндіктерге жол ашылды. Азаматтардың конституциялық құқықтарын толық жүзеге асыруға жағдай жасалды. 

Біз алған бағытымыздан таймай, Президентімізге тірек болып, көздеген мақсаттарға халқымызбен бірге қол жеткіземіз. 

Осы жолды елімізге бақ-береке, әр шаңыраққа шаттық тілеймін! Бірлігіміз нығайып, табысымыз арта берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Өзгелердің жаңалығы