2022 жылдың 5 маусымында Президенттің пәрменімен Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткен болатын. Сол референдумның нәтижесі бойынша қабылданған шешімдер еліміздің дамуына қандай әсерін тигізді? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаледен Ибраһимұлымен сұхбаттасқан болатын.
Екі жыл бұрын референдум арқылы Ата заңға ауқымды өзгерістер енгізілді. Олар біздің қоғамымыздың өмірін жақсартуға қалай әсер етті деп ойлайсыз?
Референдум нәтижесінде енгізілген конституциялық өзгерістер мемлекеттегі қоғамдық қатынастардың негізгі салаларындағы ерекшеліктерді анықтап қана қоймай, мемлекеттің қызметінің нақты шекарасын белгілеп, рөлін анықтап, жеке адамдардың құқықтары мен бостандықтарын және қауымдастықтардың ұжымдық құқықтарын белгілеп берді деп айта аламыз. Бұл өзгерістердің әлеуметке, жалпы қоғамға тигізген әсері өте көп. Себебі, конституциялық реформалардың басты мақсаттарының бірі – ол азаматтардың, қарапайым тұрғындардың мемлекеттік басқару ісіне араласуы. Бұл қандай тетіктерден көрінеді? Біріншіден, парламенттік сайлаудағы сайлану құқығының өзгеруі. Сонымен қатар, адам құқықтарын қорғайтын уәкілді органның рөлі және бас прокуратураның адам құқықтарын қорғаудағы әсіресе, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудағы құзыреттерінің кеңеюі. Міне, осы аталған өзгерістердің барлығы біздің мемлекеттегі әлеуметтік, саяси-экономикалық дамуға конституциялық өзгерістер мен толықтырулардың енгізген ықпалы мен нәтижесін көрсетеді.
Референдумде қаралған маңызды мәселелердің бірі - президент бір мерзімге, 7 жылға ғана сайланатын болды. Сондай-ақ президенттің өкілеттілігі азайып, парламенттің құзыретті артты. Бұл өзгерістердің қандай пайдасы бар?
Мемлекет басшысының 7 жылға ғана сайлануына байланысты енгізілген норма өте өзекті де қажетті болып табылады. Жалпы мемлекеттік биліктің сайланбалы болуы , өзінің заңдық шеңберінде үнемі ауысып тұруы , толассыз өзгеруі ол мемлекеттің қарқынды түрде дамуының көрсеткіштерінің бірі. Шетелдік тәжірибеде мұндай нормалар өте көп, сондықтан президенттің 1 ғана рет 7 жылға сайлануы біздің мемлекеттегі саяси биліктің тепе-теңдігін, мемлекеттік билік тармақтарының өзара үйлесімділігін сақтауда өзінің рөлін атқарады деп айта аламыз. Бұл конституциялық өзгерістерістердің басты новеллаларының бірі - президент өкілетілігінің азайтылуы, шектелуі. Ешқандай саяси партияда болмау, туыстарының жоғары саяси қызметтерді атқара алмауы және квазисектордағы, ұлттық компаниялардағы жетекшілік қызметтерді атқармауы тәрізді шектеулер қойылды.
Конституциялық сот жүйесі жасақталған болатын. Сондай-ақ, осы өзгерістен кейін көптеген заңдар жетілдірілді. Осының арқасында демократиялық құндылықтарды бекітетін нормалар қабылданды деп айта аламыз ба?
Конституциялық соттың жасақталуы – ең үлкен, басты жаңалықтардың бірі деп айта аламын. Өйткені, жаңа өзгерістерге сәйкес конституциялық сотқа адам құқықтары жөніндегі уәкіл, бас прокурор арыз түсіре алады. Ең бастысы - қарапайым азаматтар құқықтары мен бостандықтарын бұзып тұрған заң актілерінің нормаларын байқаған жағдайда азамат ретінде өз арыз-шағымдарын түсіруге мүмкіндік алды. Жеке адамдардың ең жоғарғы органға шағымдануына жол ашу- олардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етудегі кепілдіктердің бірі.
2023 жылдың қаңтарынан бастап өз қызметіне кіріскен конституциялық сотқа осы кезеңде 7 мыңнан аса азаматтың шағымы түсті деген статистикалық мәліметтер бар. Осыған байланысты кейбір азаматтардың арыздарына сәйкес бірқатар заң нормаларының баптары конституцияға сәйкес еместігі анықталды. Олардың заңды күшін жою бойынша конституциялық сот өз ұсыныстарын берді. Осыған дейін мемлекетімізде болған конституциялық кеңеске жәй азаматтар өз өтініштерін бере алмайтын.
Сонымен қатар, конституциямызға енгізілген өзгерістердің бірі және бірегейі ретінде мен Ата заңның 6-ншы бабын айтар едім. Онда жер және оның қойнаулары, су және барлық табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені көрсетілген. Ал билік тек қана халықтың атынан оны жүзеге асыруға құзыреті бар орган болып белгіленді. Өйткені , осыған дейін жер, су ресурстары, өсімдік және жануарлар әлемі мемлекеттің меншігінде деп жазылған еді. Енді барлық табиғи ресурстардың иесі халық болып табылады. Ал мемлекет тек менеджер ретінде, атқарушы орган ретінде халықтың рұқсатымен заңға сәйкес пайдаланып, ел игілігіне қызмет етуін қадағалайтын болды.
Қазақстанда Конституцияға осындай өзгертулер енгізілгенін халықаралық қауымдастық қалай қабылдады деп ойлайсыз?
Біздің мемлекет 1992 жылы БҰҰ құрамына қосылғаннан бері көптеген халықаралық ұйымдармен бірге тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Осындай халықаралық актілердің бірі – адамдардың азаматтық және саяси құқықтары туралы факультативтік протокол. Оған қосылуымызға сәйкес біздің конституциямыздың 15-нші бабының 2-нші тармағына өзгерістер енгізілді. Бұл бап бойынша біздің мемлекеттегі ең ауыр жаза – ату жазасы алынып тасталды. Бұл Қазақстанның халықаралық пактілердің нормаларын орындауға қашанда дайын екенін көрсетеді. Сонымен қатар мемлекеттік , құқықтық саясаттың гуманды, ізгілік мақсатқа бағытталғанын білдіреді.
Тағы қандай өзгерістерді өте тиімді және уақытысында жасалған шешім деп айтуға болады?
Жалпы, референдумнан кейін мемлекет басшысы конституцияның нормаларына сәйкес ұлттық заңнамаларға қол қойды. Міне, осы заңдар бүгінгі таңда қолданысқа еніп, біздің қоғамға, халыққа қызмет етіп жатыр. Атап өтетін болсақ саяси партиялар туралы, сайлауға байланысты өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар заңсыз активтерді иеленген жағдайда оларды керу қайтаруға байланысты заң қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етіп, әлеуметтік мемлекет ретінде өз миссиясын орындауға кірісті деп айта аламын. Осы өзгерістер қоғамда өзінің шешімін күтіп тұрған мәселелерге жауабын берді. Мемлекеттегі барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың құқықтық негізі болмаса олардың ешқайсысы тиімді түрде жүргізілмейді. Сондықтан конституциямыз тұрақтылықтың, қалыпты дамудың кепілі болып табылады. Өйткені, оның 99 бабында елімізде жасалатын барлық өзгерістерге сәйкес құқықтық негіз салынған. Егер де қазақ елінің әрбір азаматы Ата заңның мәнін, маңызын түсініп, ұғынып,қастерлей берсе конституцияның мәртебесі әрқашан асқақ болады.
Конституция мемлекетіміздің басты құжаты ретінде тұрақтылықты, дамуды, халықтың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етіп отыр деп санайсыз ба?
АҚШ-тың білікті заңгері Оливер Холмс айтады : «Біз конституцияның парақтарынан ешқандай сиқыр күтпеуіміз керек. Конституция – ол жәй қағаз ғана. Әлемдегі ең алпауыт ел – АҚШ -тың конституциясы да мықты емес. Олардың конституциялық құрылымы мен соның жанындағы институттары мықты». Сондықтан қазақ елінің әр азаматын конституцияның баптарын , әрбір нормаларын түсіндіруге, азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге үлес қосуға шақырамын. Және әрбір заңгер , мемлекеттік билік өкілі «Конституцияның нормаларын бұзу – күнә» деген ұғымда болу керек. Міне осы жағдайда заңдылық пен құқықтық тәртіп орнайтын болады.
Әңгімеңізге рахмет!