Ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру шығыстары өтелетін болды

15 Тамыз 2023, 18:57
784
Бөлісу:
Ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру шығыстары өтелетін болды
PHOTO VIDEO
Фото: BAQ.KZ

Басқа қалаларда тұратын ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру шығыстары өтелмек, деп хабарлайды BAQ Рrimeminister.kz сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Үкіметке «...студенттердің жекелеген әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін жатақханада тұру шығыстарын субсидиялау мүмкіндігін пысықтауды» тапсырды. Жаңа оқу жылы қарсаңында Президент тапсырмаларын орындау аясында Үкімет тиісті қаулы қабылдады.

Атап айтқанда, «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидаларына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес азаматтардың жекелеген санаттары үшін еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу кезінде жатақханада тұру шығыстары үшін өтемақы төлеу көзделген.

Ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру шығыстары өтелетін болды
Рrimeminister.kz

Өтемақыны жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар алады.

Жатақханаларда тұру шығыстары үшін өтемақы сомасы жылына 29 айлық есептік көрсеткішті құрайтын болады.

Биыл барлығы 7 145 адам өтемақы алатын болады. Олардың ішінде 4 651 жетімдер және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер, 2 494 мүгедектігі бар, бала кезінен мүгедек адамдар, мүгедектігі бар балалар бар.

Тиісті шығындар 2023 жылға бекітілген республикалық бюджет, сондай-ақ 2024-2026 жылдарға арналған бюджет лимиті аясында қаралады.

Өтемақы осы жылдың қыркүйегінен бастап берілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы