Баласының сау болып өскенін қалайтын әрбір ата-ана білуі қажет қарапайым 4 қағида

10 Қыркүйек 2019, 19:35
4105
Бөлісу:
Баласының сау болып өскенін қалайтын әрбір ата-ана білуі қажет қарапайым 4 қағида

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кезінде Лао Цзы айтқандай, адам өз ойын қадағалауы тиіс, өйткені ой – сөзге, сөз – іске, іс – әдетке айналады, әдет мінезді қалыптастырады, ал мінез тағдырыңды айқындайды. Сау және сапалы өмір сүру үшін кішкентайынан баланың дұрыс әдетін қалыптастыру қажет, өйткені ол баланың өмірінде маңызды рөл атқарады.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары баласының сау болып өскенін қалайтын әрбір ата-ананың білуі қажет қарапайым 4 қағидамен бөлісті:

Бірінші: 
Балалардың мектептегі алғашқы күндері ерекше назар аудару қажет. Себебі баланың мектепке қабылдануы өміріне елеулі өзгеріс әкеледі. Бірінші сыныпқа келген балалардың ерекшелігі – тез шаршайды. Балаға қалай көмектесе аламыз? Біріншіден, күн тәртібін сақтау қажет: күніне кем дегенде 10 сағат ұйықтау, дұрыс тамақтану, жаттығу жасау.

Бірінші сыныпты оқитын балалардан басқа оқушылардың күнделікті сабағы басталғаннан кейін күн тәртібін қалыптастырған дұрыс. Ұзақмерзімді жазғы демалыстан кейін баланың режимін, әсіресе ұйқысын реттеу қажет: баланың нешеде жатуын, ұйқысының қануын, қанша сағат қозғалыссыз мультфильм көріп отыратынын, күні бойы теледидар көруден қолы босамайтын баланың уақытын физикалық жүктемемен алмастырылуын бақылап қадағалаңыз. Демалыстан кейін бұл режимді бір сәтте ауыстыру моральдік тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да қиынға соғады. Балаңызға өзіңіз үлгі көрсете отырып көмектесіңіз.

Жоғарыда атап өткендей, оқушыларға жасына қарамастан 9-10 сағат ұйықтау қажет. Ұйықтар алдында 4 сағат бұрын жүгіріп шулаумен байланысты ойындар ойнауды, теледидар мен компьютер көруді, қорытылуы ауыр ас ішуді, шулы музыка таңдауды шеттетуге тырысыңыз.

Екінші: 

Сіз тұратын аймақтың климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, балаңызға киетін киімін дұрыс таңдауға көмектесіңіз. Күзде ауа райы алдамшы және құбылмалы болатынын ұмытпаңыз: үйде жылы, ал далада ауа райы желді болуы мүмкін. Сондықтан баланы жылы киінуге бейімделген жөн - бала өзін жайлы сезіну үшін жеңіл киіну қажет және далада тоңып қалмас үшін қалың күртешесін киіп алуы керек. Осы мәселені сынып жетекшісімен талқылауды ұмытпаңыз: сынып күн түсетін жақта орналасса, сыныптағы температура да жоғары болады. Қатты ыстық бөлмеде баланың басы ауырып, ағзасындағы терморегуляция бұзылуы мүмкін. Егер бала тоңып қалса, оның иммунитеті де әлсірейді, салдарынан балаға суық тиіп, сырқаттануы мүмкін.

Үшінші: 

Оқушы болған сәттен бастап, баланың көру қабілеті артық жүктемеден нашарлай бастайды. Оған қоса, мультфильмдер мен компьютер ойындарынан да нашарлай түседі. Толығымен қалыптаспаған көру органдарының дамуын шектен тыс жүктемемен және еңбек пен демалыс режимінің болмауынан тез құртылады.

ДДҰ статистикасы бойынша, мектеп жасындағы әрбір төртінші бала көз ауруынан зардап шегеді, соның ішінде алыстан нашар көру патологиясы кең таралған.

Баланы өз денсаулығына мұқият қарауға үйретіңіз – оларға салауатты өмір сүрудің қағидаларын айтып, соларды сақтауға көмектесіңіз. Балалар:

-          жарық жерде оқып, жазуы тиіс;

-          компьютер мен теледидар алдында көп отырмауы тиіс;

-          көзін түрлі соққылардан, шаншулардан және жарақаттардан сақтауы тиіс;

-          көзге күш салатын тапсырмаларды орындаған кезде көзге арналған жаттығуларды жасау керек;

-          қажет болған жағдайда көзілдірік киюден ұялмау қажет.

Төртінші: 

Оқушыларға қандай ауырлықты көтеріп жүру керектігін бақылаңыз. Барлық кітап, қаламсауыт, дәптерлер, ауыстыратын аяқ-киімді өлшеген кезде  салмағы 3-5 келіден аспауы тиіс. Бұндай ауырлық балаға зиян келтірмес үшін, иықбауы кеңірек және қатты ортопедиялық арқашасы бар ыңғайлы сөмкені таңдаған жөн. Оқушының дене мүсінінің дұрыс қалыптасуы – тек сұлулығы ғана емес, сонымен қатар денсаулығының дұрыс қалыптасуына себепкер болады. 

Бала күнделікті өмірінің айтарлықтай көп бөлігін мектеп партасының алдында өткізеді, сондықтан оқу орнының дұрыс жарақтануы өте маңызды. Отырған баланың қолы, аяқтары және арқасы орындаққа сүйенуі қажет. Орындықтың аяқтары баланың жіліншегінен ұзын болмауы тиіс. Аяқтары еденге тиюі қажет. Орындықтың арқашасында белі бүгілетіндей тірегі болуы керек.

Иммунитетті нығайту үшін баланың күн сайын таза ауада қозғалмалы ойындар ойнап, спортпен айналысуын қадағалау қажет. Мықты және төзімді организм ауруларға төтеп бере алады. Мектеп оқушыларына салынатын интеллектуалдық жүктеме де үлкен. Баланың дұрыс тамақтануына, жасына сай дәрумендер мен микроэлементтерге бай азық-түлікпен тамақтануына айрықша көңіл аудару қажет. Баланың рационынан газдалған, құрамында қанты бар тәтті сусындарды және майлы тамақтар мен фаст-фудты алып тастау қажет.

Балаңыз осы қағидаларды сақтасын десеңіз, оған өзіңіз үлгі көрсетіп көмектесіңіз. Көз алдындағы позитивті рөлдік модель мен практикалық үлгі – жетістікке жетудегі негізгі факторлардың бірі екенін естен шығармаңыз!

Өзгелердің жаңалығы