Астанадағы лық толы автобустардың мәселесі қалай шешіледі

25 Сәуір 2023, 11:27
568
Бөлісу:
Астанадағы лық толы автобустардың мәселесі қалай шешіледі
Фото: tengrinews.kz

Астана қаласының аялдамаларында күнделікті бір көріністі аңғаруға болады. Адамдар автобустарын жарты сағаттан көп күтіп қалады. Тіпті көлік кептелісі кезінде автобусқа мініп үлгеру "бір бақыт", деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астаналық тұрғындар әрқашан қоғамдық көлікке байланысты наразылықтарын айтып жатады. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2022 жылы “iKOMEK109” Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» нөміріне қала тұрғындары қоғамдық көліктің жұмысы туралы 40 000-нан астам қоңырау шалып, шағым айтқан екен. Түскен шағымданулардан қала әкімдігі автобус мәселелерін тізімдеп,  олардың деңгейін анықтап, проблеманы шешу жолдарын ойластырады.

Көпшіліктің айтуынша, ең негізгі мәселенің бірі  адамға лық толы автобус пен оны күту уақытының тым ұзақ болуы. Осы екі мәселе тұрғындардың бас ауруына айналған. 

Автобуспен жиі жүремін. Жалпы біздің қаладағы автобустар көңілімнен шығады. Төлем жасау оңай, іші таза, отыратын және тұратын орындары ыңғайлы. Алайда үлкен бір кемшілігі олардың санында. Мәселен, бір автобусты күтуге орта есеппен 15-20 минут уақыт кетеді, ал ауа райы бұзылған уақытта тіптен жарты сағатқа дейін күтесің. Осының салдарынан, таңертең жиі автобусқа сыймай қалып, сабағыма кешігіп жататын кездер болып тұрады. Менің ойымша, автобусты күту интервалы 5-7 минут болуы қажет. Сол кезде ыңғайлы болады, оның үстіне көліктер саны азаятын еді, - дейді  студент, Мерей Әміртай.

Еліміздің бас қаласының шешілуге тиіс автобус проблемалары мынадай:

  • Ұзақ күту уақыты
  • Автобус және жүргізуші санының аздығы
  • Адамға толы автобус 
  • Көлік ішіндегі техниканың дұрыс істемеуі (автоинформаторлар)
  • Қоғамдық көлікке арналған арнайы жолдың болмауы

Мәселелердің әрқайсысына қысқаша тоқталайық.

Ұзақ күту уақыты. Қала тұрғындары өздеріне қажет автобусты 25-30 минуттан аса күтеді. Жылы аялдамалар әлі күнге дейін барлық жерде жоқ.

Автобус және жүргізуші санының аздығы. Автопарктерге 400-ден астам автобус пен 1000-ға жуық жүргізуші қажет. Бұл – дефициттің айқын белгісі. Дәл осы мәселені еліміздің Президенті де көтерген еді. Соның нәтижесінде 2023 жылы Астана қаласын жаңа 500 автобуспен қамту жұмыстары шынымен жүзеге асырылады деген үміттеміз.

Адамға толы автобус. Автобуспен жүретін адам көп болғандықтан және автобус жетіспеушілігінен онда адам толы болады. Бұның кесірінен көптеген тұрған автобусқа сыймай қалып, діттеген жеріне жете алмай жатады. Автобусқа мініп үлгергеннің өзінде, баратын жеріне қысылып-қымтырылып жетуге тура келеді.

Көлік ішіндегі техниканың дұрыс істемеуі. Автобустардың ішіне кіріктірілген автоинформаторлардың қызметі – жолаушыларға аялдамаларды  хабарлау. Дауыстық хабарландырулардың арқасында адамдар өздеріне қажет аялдамадан түсе алады. Алайда көптеген автобуста бұл құрылғылар дұрыс жұмыс істемей тұрғанын байқауымызға болады. Кейде дауыс анық шықпайды, кейде  аялдамаларды дұрыс хабарламай жатады. Кей жағдайда аялдамаларды хабарлауға ұмытып кетіп жататын жағдайлар болып тұрады. Тіпті мүлдем автоинформаторлары жоқ автобустар да бар. Бұл әсіресе қарт адамдар үшін өзекті проблема.

Қоғамдық көлікке арналған арнайы жолдың болмауы. Көптеген дамыған елде автобустар арнайы жолдармен жүреді және бұл кептелістің қалыптасуын болдырмайды. Өкінішке қарай, Астана қаласында бұндай жолдар әлі жоқ, бірақ олардың қажеттілігі айдан анық. Себебі көлік кептелісі кезінде автобустар баяулап, күту уақытын одан бетер ұзартады.

Астана қаласының урбанистері нағыз қоғамдық көліктің қандай сипатта болу керектігімен бөліскен еді.

Біріншіден, автобус интервалы аз  болуы керек. Яғни әдеттегідей жарты сағат емес, тек 5-7 минут. Екіншіден – сервис. Автобустардың іші әрқашан таза, температураға байланысты белгілі бір стандарт қойылуы керек. Кондиционердің немесе пештің қосылуы қатаң түрде регламенттелуі міндетті. Үшіншіден, жүргізушілердің сыпайылығы маңызды пункт. Олар жолаушылардың кіруі мен шығуын соңына дейін күтулері қажет. Төртіншіден, жоғарыда айтылып кеткендей, арнайы автобустық жолдардың ашылуын толығымен қамтамасыз ету керек.

Автор: Дариға Асаниязова

Өзгелердің жаңалығы