Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов брифинг барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері зардап шеккендерге, оның ішінде екі аяғынан айырылған қызға қандай оңалту көмегі көрсетілетінін сұрады.
Барлық зардап шеккендерге, соның ішінде жеті жасар балаға да дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Бала бүгінде ауруханадан шығарылды. Медициналық көмек толық көлемде көрсетілді. Өкінішке қарай, бәрімізге белгілі өмірін сақтау үшін аяқтарын ампутациялауға тура келді,- Тимур Мұратов.
Оның айтуынша, бала Ақмола облысы Егіндікөл ауданының емханасына тіркелген.
Еске салайық, Астанада жол апаты болып, 15 жолаушы, соның ішінде 6 бала зардап шекті. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр екендігі айтылды.
2017 жылы туған қыз балаға алған жарақаттары салдарынан екі аяғына ампутация жасалды.
Ал Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған қыздың отбасына пәтер берілетінін жеткізді.
Жол апатынан кейін автобус жүргізушісі қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз. Екі аяғынан айырылған бүлдіршінге жәрдемақы тағайындалады.