Астанада «Шынымды айтсам…» интерактивті арт-инсталляциясы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, «Шынымды айтсам…» инсталляциясы қоғамдағы тыныштықты бұзуға, зорлық-зомбылықтан аман қалғандардың күші мен төзімділігін мойындауға және осы мәселемен күресуде әркімнің рөлі туралы ойлауға бағытталған. Іс-шара «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» халықаралық науқаны аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілуде.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов алғысөзінде Мәдениет және ақпарат министрлігі әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күреске және гендерлік теңсіздікті жоюға бағытталған барлық бастамаларға қолдау көрсететінін атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлардың штат саны екі есеге ұлғайтылып, белгіленген нормативтерге жеткізілді. Әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеу бойынша әйел-тергеушілердің мамандануы енгізілді. Тәулік бойы бірыңғай тегін мемлекеттік 111 байланыс-орталығы қызмет етеді, - деп атап өтті вице-министр.
Жыл сайын Қазақстанда әрбір алтыншы әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. 2022 жылы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 61 мыңнан астам оқиғасы тіркелген. Өңірлерде 68 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз етеді. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасайды. Жыл басынан бері
100 мыңнан астам кеңес берілді.
Интерактивті инсталляция екі апта бойы ашық болады және Дүниежүзілік адам құқықтары күні 10 желтоқсанда жабылады.
Инсталляция кеңістігінің ортасында көрме қонақтары үшін анонимді түрде өз оқиғаларын немесе зорлық-зомбылықпен күрес тақырыбы бойынша ойын жаза алатын жабық кабиналар бар. Содан кейін бұл оқиғалар залдағы стендке орналастырылады. Осылайша бірте-бірте ұжымдық әңгімеге айналатын көрменің жалпы көрінісіне әрбір келуші өз үлесін қоса алады.
Ұйымдастырушылар жиналған материалды болашақта әйелдер мен қыздарға қатысты кемсітушілікпен күресуге бағытталған ақпараттық науқандарда пайдалануды жоспарлап отыр.