Астанада «Жүздің бірі – шешен» интеллектуалды сайысы өтті

30 Наурыз 2023, 19:14
872
Бөлісу:
Астанада «Жүздің бірі – шешен» интеллектуалды сайысы өтті
Фото: ukdvorec.kz

Бұл сайысқа кез келген қызығушылық танытқан адам, яғни еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қатыса алды. Жобада жалпы 300-ден астам адам бақ сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын жан-жақты кеңейту, қазақ тілінде сөйлесудің танымалдылығын арттыру үшін заманауи шешімдерге көшудің уақыты келді.

Жалған ұранның уақыты кетті, нақты істің сәті жетті. Осы қағиданы ұстанған Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бұқара арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолданысын кеңейту үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатыр.

Соның бірі – «Жүздің бірі – шешен» интеллектуалды сайысы. Ойын ІІ кезеңнен тұрды. Бірінші кезең Астана қаласы тұрғындары арасында 14-24 наурыз аралығында көшелер, саябақтар мен сауда орталықтарында және басқа да жерлерде өтті. Қатысушылар таңдалған тақырыпқа сай 1 минуттың ішінде неғұрлым көп мақал-мәтел айтуы қажет болды. Сонымен бірге жасырылған 3 жұмбақтың жауабын тауып, қазақ ақындарының бір өлеңін жатқа айтты немесе қазақ тілінде ән орындады. Жобада 300-ден астам адам бақ сынады. 

Бұл сайысқа кез келген қызығушылық танытқан адам, яғни еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қатыса алды. Ойынға қатысқан адамдардың бейнежазбасы қатысушының рұқсатымен әлеуметтік желіде жарияланып, сол арқылы екінші кезеңге 8 адам іріктелді.

Ақтық кезеңге шыққан қатысушылардың ең жасы 9 жаста болса, ал ең үлкені 47 жаста. Мамандықтары да әртүрлі: темір жолшыдан бастап, кәсіпкер, оқушы, көпбалалы ана да бар. Ең қызығы жартысынан көбі Астана қаласының тұрғыны емес, Наурыз мейрамын тамашалауға келген қала қонақтары болып шықты. Алайда, финалдық ойынға қатысу үшін олар елордаға арнайы келді.

Айта кетерлігі, интелектуалды ойынның ақтық сынында мақал-мәтел және жұмбақ шешу сайысында өнер-білімдерін ортаға салды. Мақал-мәтел сайысында қатысушылар кейбір сөздер түсіп қалған не бір жолы ғана көрсетілген тақырыпқа сай мақал-мәтелдерді жалғауға тиіс болды. Бұл сайыста жоғары ұпай алған 5 ойыншы жұмбақ шешу сайысына жолдама алды. Ол жерде 3 жұмбақ жасырылып, қамшыны жоғары көтеру арқылы шапшаңдық танытқан қатысушы жауап берді.

Осылайша, бірінші орынды Шымкент қаласының тұрғыны, үш баланың әкесі, жеке кәсіпкер Рахимов Нұрсұлтан, екінші орынды 4 сынып оқушысы Рамазанов Әділжан алды. Үшінші орынға теміржолшы Оспанов Ғалымжан және екі баланың анасы Мұрат Ақниет иеленді.

Қазылар алқасы және ұйымдастырушы Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы халық арасында оң баға алған бұл жобаны болашақта теледидарда арнайы бағдарлама ретінде шығаруды қолға алмақшы. Басты мақсат – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын жан-жақты кеңейту, қазақ тілінде сөйлесудің танымалдылығын арттыру.

Өзгелердің жаңалығы