Астанада жастарға арналған экстремалды спорт жарысы өтті

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы медальдармен марапатталды.

11 Қазан 2026, 08:11
АВТОР
 Астана қаласының әкімдігі 11 Қазан 2026, 08:11
11 Қазан 2026, 08:11
97
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы Fly Park скейт-паркінде Fly-Park LAST RIDE-26 экстремалды спорт түрлерінен жарыс өтті. Байқоңыр ауданындағы Кемал Ататүрік атындағы саябақта ұйымдастырылған сайысқа 12-25 жас аралығындағы 200-ге жуық жас спортшы қатысты. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Жарыс BMX фристайлы және трюктік самокат (Scoot) бағыттары бойынша өтті. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында көше спорты мәдениетін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасау.

Байқоңыр ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Баянбековтің айтуынша, мұндай жарыстар жастардың бастамаларын қолдауға және олардың басын біріктіруге ықпал етеді.

«Жастар аудан әкімдігінің өз бастамаларына қолдау көрсететінін сезінуі маңызды. Біз оларды бір ортаға жинап, идеяларын жүзеге асыруға көмектесуге тырысамыз», – деді ол.

Оның сөзінше, Fly Park скейт-паркі биыл мамыр айында экстремалды спортпен айналысатын жастар үшін арнайы салынған. Мұнда спортшылардың қауіпсіз жаттығуына, шеберлігін шыңдауына және тәжірибе алмасуына жағдай жасалған.

Сонымен қатар жастар арасында қала тазалығын сақтау, вандализмнің алдын алу және есірткіден аулақ болу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасады.

Іс-шараны ұйымдастырушы Зейін Жакитовтың айтуынша, бұл – 2026 жылғы маусымның қорытынды жарысы. Мұндай сайыстар жылына екі рет өткізіледі, ал келешекте олардың санын арттыру жоспарланып отыр.

«Қазір BMX фристайлы мен трюктік самокат спорты жастар арасында кеңінен танылып келеді. Қатысушылар саны артып, спорттық инфрақұрылым да дамып жатыр. Бұл бағытта қала әкімдігі қолдау көрсетіп келеді», – деді ол.

Зейін Жакитовтың мәліметінше, Астанада бес скейт-парк бар. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар, ал Fly Park – елордадағы осындай үлгідегі жалғыз алаң.

Сонымен бірге қыс мезгілінде жаттығуға арналған жабық алаңның жоқтығы өзекті мәселе болып отыр. Қазір спортшылар ашық алаңдарда жылына шамамен алты ай ғана толыққанды жаттыға алады.

«Біздің мақсатымыз – жастардың жыл бойы спортпен айналысуына мүмкіндік жасау. Мұндай спорт түрлері физикалық дамумен қатар, табандылыққа, тәртіпке және мақсатқа жетуге үйретеді», – деді ұйымдастырушы.

Жарыстың ашылу рәсіміне Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтенов және қалалық гимнастика федерациясының президенті, құқық бұзушылық профилактикасы кеңесінің мүшесі Ербол Жантықов қатысты.

Ербол Жантықов гимнастика мен экстремалды спорт түрлерінің арасында ұқсастық көп екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі бағытта да күрделі жаттығулар мен түрлі трюктер орындалады.

«Бүгін жастарды қолдап, олардың өнерін тамашалауға келдім. Спортпен айналысу күш-қуатты арттырып, икемділікті дамытады және өзіне деген сенімді нығайтады. Бұл қасиеттер өмірдің басқа салаларында да көмектеседі», – деді ол.

Іс-шара аясында қатысушылар спорттық жарыстарға қатысумен қатар, «Вандализмге жол жоқ» акциясына да атсалысты. Олар қабырғалардағы жазуларды өшіруге көмектесті.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы медальдармен марапатталды.

Наверх