Астанада ядролық қарудың гуманитарлық салдарына қатысты өңірлік конференция өтті

30 Тамыз 2023, 04:15
778
Бөлісу:
Астанада ядролық қарудың гуманитарлық салдарына қатысты өңірлік конференция өтті
Фото: gov.kz

Астанада «Ядролық қарудың гуманитарлық салдары және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ» тақырыбындағы өңірлік конференция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығымен», Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен, «Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық науқаны» (ICAN) және Sokka Gakkai International үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп «Ядролық қарудың гуманитарлық салдары және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ» тақырыбында өңірлік конференция ұйымдастырды. Конференцияға Орталық Азия мемлекеттерінің дипломаттары мен үкіметтік сарапшылары қатысты.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров құттықтау сөз сөйлеп, ядролық сынақтарға жаһандық тыйым салуды сақтаудың маңыздылығын атап өтті және ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы ұжымдық күш-жігердің негізгі элементі ретінде осы саладағы жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан дипломаты Астанадағы іс-шара ядролық сынақтардан және ядролық қарудан азат әлемді құру бойынша бірқатар жаһандық іс-шаралар кешенінің бөлігі екенін жеткізді. БҰҰ Бас Ассамблеясы Ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде дәстүрлі отырысты өткізіп, бұл күнді атап өтеді. Сонымен қатар, бұл бағытта жұмысты жалғастыруға шақыратын Қазақстан мен Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының бірлескен мәлімдемесі жарияланды.

Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа арналған панельдік сессия аясында, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баяндамасында қатысушылардың назары Ядролық сынақтар мен қоршаған ортаны оңалту құрбандарына көмек көрсету жөніндегі Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың (ЯҚТСШ) жұмыс тобы шеңберінде Қазақстанның қызметіне, сондай-ақ осы мәселе бойынша Халықаралық траст қорын құру жөніндегі ҚР бастамасына аударылды.

Конференцияға қатысушылар ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы негізгі халықаралық құқықтық құжаттардың, оның ішінде Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт және т.б. үйлесімділігі мен бірін-бірі толықтыруы туралы пікір алмасты.

Анықтама: 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың күні ретінде бекітілді.

Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт (ЯҚТСШ) 2017 жылы шілдеде қабылданды және 2021 жылы 22 қаңтарда күшіне енді (50 ратификацияға жеткеннен кейін). Тарихта алғаш рет бұл Шарт құқықтық тұрғыдан тыйым салынбаған соңғы жаппай қырып-жою қарулардың түрі ядролық қаруды иеленуіне халықаралық құқықтық тыйым салды. ЯҚТСШ-тың 68 мүше мемлекеті, 91 қол қойған мемлекеті бар. Қазақстан ЯҚТСШ бойынша келіссөз үдерісіне белсенді қатысып, 2018 ж. 2 наурызда оған қол қойды және 2019 жылы 29 тамызда ратификациялау инструментін тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы