Астанада үшем дүниеге келді

5 Сәуір 2023, 02:12
1161
Бөлісу:
Астанада үшем дүниеге келді
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Астанада 4 сәуірде осы жылы алғаш рет дүниеге үшем келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана әкімдігінің хабарлауынша, жыл басынан бері Астанада 7 мыңнан астам сәби туған.

Үш баланы босанған ана бірден көпбалалы жанұя қатарына қосылды. Әсел Шонтаева отбасымен былтыр тамыз айында Жамбыл облысы Қордай ауданынан астанаға көшіп келген. Үшемдердің екеуі – қыз, біреуі – ұл. Қала тұрғыны №3 көпбейінді қалалық аурухана дәрігерлеріне алғысын білдірді.

Үш бірдей қуаныш иесін арнайы құттықтау үшін Астана қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов барды.

Бала денсаулығы басты назарда, әрі елордамызда жыл сайын тұрғындар саны, оның ішінде балалар қатары артып келе жатқандықтан, тағы да екі перинаталдық орталық салу жоспарда тұрғанын айтқым келеді. Қазір үш бірдей перзентхана жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек кадрлардың кәсібилігін арттыруға ерекше көңіл бөлетініміз баршаңызға мәлім. Былтыр 800-ден астам маман жергілікті бюджет қаражатынан шетелде білім алып келді. Олардың арасында неонатолог, педиатр мамандары жетерлік, - деді басқарма басшысы.

Жыл сайын аталмыш ауруханада 8 мыңнан астам әйел медициналық көмек алады. Тәулігіне акушерлер 15-25 жүкті ананы қабылдайды. Астанада жылына 33 мыңнан астам сәби дүниеге келсе, оның ішінде эко күшінсіз үшем өмірге келуі сирек жағдай.

Былтыр ана өлімі болған жоқ, нәресте шетінеп кеткен жағдай ең төмен дейгейде болды. Пациенттерімізге көрсетілетін қызмет сапасы үнемі бақылауда, – деді бас дәрігер Жұлдыз Данбаева

Сәния, Самира және Айсұлтанның денсаулығы қазір жақсы. Дәрігерлер сәбилерге күтім көрсетіп, үйіне шығуы үшін дайындап жатыр.

Өзгелердің жаңалығы