Астанада үш күнде 30-дан астам мас жүргізуші ұсталды

4 Тамыз 2022, 04:27
1571
Бөлісу:
Астанада  үш күнде 30-дан астам мас жүргізуші ұсталды

Елордада 19 шілдеден бастап жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында “Қауіпсіз жол” жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Жедел алдын алу іс-шарасы басталғалы бері полицейлер мас күйінде 68 жүргізушіні анықтады және үш күннің ішінде 31 мас жүргізуші ұсталды.

Таңғы сағат 05:30 шамасында полицейлер Тұран даңғылының бойында 21 жастағы қыз тізгіндеген Toyota Land Cruiser автокөлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде полицейлер жүргізушіден алкогольдің иісін байқаған. Көлік құралын басқарудан шеттете отырып, оған белгіленген тәртіппен медициналық куәландырудан өту ұсынылған. Қорытындыға сәйкес жүргізуші көлікті жеңіл дәрежедегі мас күйінде басқарғаны белгілі болды. 

Сонымен қатар қыздың жүргізуші куәлігінсіз көлікті мас күйінде басқарғаны анықталды. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. 

Көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін қалған жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Тәртіп бұзушылардың барлық көлік құралдары коммуналдық тұраққа орналастырылды. 

Айта кету керек, осы құқық бұзушылық үшін баптың санкциясы он бес тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады. 

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті автокөлік иелеріне жол ережесін сақтауды және алкогольдік немесе есірткілік масаң күйінде көлік жүргізбеуді ескертеді.

Өзгелердің жаңалығы