Астанада «Көркем-3» көпқабатты тұрғын үйінің шатырына шығып, секірмек болған 18 жастағы жігіт 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
2026 жылғы 23 сәуірде Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта оның ісі қаралды. Сот мәліметінше, ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылған.
Сотта анықталғандай, 2026 жылғы 20 сәуірде Н. есімді азамат мас күйінде “Көркем-3” тұрғын үй кешенінің шатырына шығып, үйдің жиегіне тұрған. Ол өз әрекетінің салдарын түсіне отырып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Құқық бұзушының әрекеті демонстративті сипатта болып, көпқабатты үйдің шетінде тұруы, жалпы қабылданған мінез-құлық нормаларын елемеуі, өз қауіпсіздігіне қатер төндіруі және айналасындағылардың алаңдаушылығын туғызуы қоғамға ашық құрметсіздік білдіргенін көрсетеді, – делінген сот хабарламасында.
Сот отырысында жас жігіт өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Оның сөзінше, оқиға болған күні мас болғандықтан өз әрекетін толық бақылай алмаған. Сондай-ақ бұл қадамға қызымен болған жанжалдан кейін барғанын жеткізген.
Аталған баптың санкциясы 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды, немесе 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуды, не 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды көздейді.
Сот қаулысымен Н. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Айта кетейік, құқық бұзушы – 18 жастағы жігіт. Оны 20 сәуір күні «Көркем-3» тұрғын үй кешенінің 21 қабатты ғимаратының шатырынан байқаған. Аталған тұрғын үй кешені бұған дейін үш баланың өмірін қиған қайғылы өрт оқиғасымен белгілі.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.