Астанада «Цифрлық армия» күні өтті

6 Ақпан 2019, 18:35
2355
Бөлісу:
Астанада «Цифрлық армия» күні өтті

Астана, BAQ.KZ.  Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі «Astana Hub» ІТ – стартап халықаралық технопарк алаңында «Цифрлық армия» күнін ұйымдастырды. Оның ашылуы Премьер-Министрдің орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев және Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың қатысуымен өтті. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

ҚР Қарулы Күштерінде цифрлық технологиялардың енгізілуі Елбасы – Жоғарғы Бас қолбасшының «Цифрлық армия» жалпы мемлекеттік бағдарламасына сәйкес тапсырмасын орындау үшін жоспарлы түрде жүргізілуде.

Аталмыш шара заманауи техникалық құралдар және бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықтау мәселелері бойынша Қорғаныс министрлігі және Қазақстан Республикасының өзге де әлеуетті ведомстволарымен ІТ-технологиялардың ұлттық өндірушілері және  әзірлеушілерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру  мақсатында өткізіледі.   

«Цифрлық армия» күні барысында отандық операциялық жүйе мен дерекқор жүйесін, ұшқышсыз жүйелер мен тренажерларды, автономды режимде әртүрлі дереккөздерден ауқымды деректерді жинауды, талдауды және алынған ақпарат негізінде ахуалды модельдеуді, сондай-ақ қабылданған шешімдерді әрі қарай іске асыруға қабілетті «ақылды» өзін-өзі оқыту бағдарламалық-аппараттық кешендерді құру жөнінде 40 ұлттық  IT-компанияның презентациясы өтті.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қорғаныс министрлігі, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Зерде» ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингі, «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасы және Қазақстан ІТ – компаниялары ассоциациясы арасында бес жақты меморандумға қол қойылды.

 

Өзгелердің жаңалығы