Астанада тексерілген 120 сүт өнімінің жетеуі талапқа сай келмеген – СЭС

Маман тұрғындарға көшеде қолдан сатылатын сүт өнімдерін сатып алмауға кеңес береді.

Бүгiн 2026, 15:13
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 15:13
Бүгiн 2026, 15:13
148
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Биыл елордада Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарына сәйкестігіне сүт және сүт өнімдерінің 120 үлгісі зерттелді. Оның ішінде 14 сынама – отандық өндіріс, 102 сынама – ЕАЭО елдерінен әкелінген өнімдер және 4 сынама – басқа мемлекеттердің тауарлары. Зерттеу нәтижесінде 7 сынама физика-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша талаптарға сәйкес келмеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева мәлімдеуінше, Қазақстанда сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі 033/2013 «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентімен реттеледі. Құжатта өнімді өндіру, сақтау, тасымалдау, таңбалау және өткізу талаптары белгіленген.

Сүт шикізаты қышқылдылық, тығыздық, май мен ақуыз мөлшері бойынша белгіленген нормаларға сай болуы керек. Сонымен қатар оның құрамында ветеринариялық және бактерияға қарсы препараттардың қалдықтары болмауы тиіс. Өнімде патогенді микроорганизмдердің, антибиотиктердің, пестицидтердің және басқа да зиянды заттардың рұқсат етілген мөлшерден артық болуы жол берілмейді.

Сүт өнімдерінің қауіпсіздігін бағалау үшін зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Мамандар микробиологиялық, санитариялық-химиялық және физика-химиялық көрсеткіштерді тексереді. Сонымен қатар өнім құрамында антибиотиктердің қалдық мөлшерінің болуы, таңбалаудың талаптарға сәйкестігі және өнімнің жалған еместігі анықталады.

Жалған өнімді анықтау мақсатында өнім құрамында өсімдік майларының, құрғақ сүттің және басқа да компоненттердің болуына тексеру жүргізіледі. Мұндай ингредиенттер қолданылған жағдайда бұл туралы ақпарат өнім таңбалауында міндетті түрде көрсетілуі тиіс, - деді ол.

Маман тұрғындарға көшеде қолдан сатылатын сүт өнімдерін сатып алмауға кеңес береді. Сондай-ақ өнімнің таңбалануы түсініксіз болса немесе сауда орнында тоңазытқыш жабдығынсыз сақталса, мұндай тауардан бас тартқан жөн.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда алғаш рет вирустан таза алма көшеттері өсіріле бастады 

Наверх