Астанада селфи жасамақ болған ер адам Есілге құлап кетті

Мас күйде болған 27 жастағы азаматты құтқарушылар судан аман алып шықты

 скрин Бүгiн 2026, 02:38
Бүгiн 2026, 02:38
126
Фото: скрин

Астанада құтқарушылар Есіл өзеніне құлап кеткен 27 жастағы ер адамды судан аман алып шықты,  деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Оқиға 5 шілде күні елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы Есіл өзенінің акваториясын патрульдеу кезінде болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, мас күйде болған ер адам «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірінде селфи жасамақ болып, тайып кетіп, өзенге құлаған.

Оған алғаш болып жақын маңда жүрген серуендеу теплоходының экипажы көмекке келген. Олар ер адамға құтқару шеңберін лақтырып, жағалауға жақындатқан.

Кейін оқиға орнына жеткен құтқарушылар оны құтқару қайығына шығарып, жедел-құтқару жасағының базасына жеткізді.

1998 жылы туған азамат сол жерде жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның жағдайы қанағаттанарлық.

Төтенше жағдайлар министрлігі әсерлі сурет үшін өмірге қауіп төндірмеуге шақырды. Сондай-ақ су айдындарының маңында қауіпсіздік ережелерін сақтап, қоршаудан аспауға, су жиегіне тым жақындамауға, әсіресе алкогольдік ішімдік ішкен жағдайда абай болуға кеңес берді. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.

Наверх