Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Астанадағы құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылауды күшейтеді.
Мұндай шешім елордада мұнаралы крандардың құлауына байланысты болған екі жазатайым оқиғадан кейін қабылданды. Салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауыр жарақат алған. Қазір әрбір оқиға бойынша арнайы тергеу жүргізіліп жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев құрылыс компанияларына қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде бұған дейін бірнеше рет ескерту жасалғанын атап өтті.
«Біз құрылыс компанияларына профилактикалық жұмыстар жүргіздік, ескерту жасадық, анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт бердік. Соған қарамастан қауіпсіздік талаптарын елемегендер жауапкершіліктен жалтара алмайды», – деді ол.
Кеңес қорытындысында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетіне құрылыс нысандарында жоспардан тыс тексерулер жүргізу мәселесін қарау тапсырылды.
Тексеру кезінде заңбұзушылықтар анықталса, материалдар тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, заңда көзделген шаралар қабылданады.
Сондай-ақ жазатайым оқиғалар мен заңбұзушылықтар қайталанатын құрылыс ұйымдарының жұмысы жеке талданып, бұған дейін анықталған кемшіліктердің қаншалықты жойылғаны тексеріледі.