Елордада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту стратегиясы аясында іске қосылды.

Жаңа орталық науқастар үшін барлық жайлылықты қамтамасыз ету үшін салынған. Көпжылдық кешенді еңбектің нәтижесі және заманауи инженерлік пен медициналық шешімдердің нақты үлгісі деп айтуға болады.
60 мың шаршы метрден тұратын аумақта орналасқан аурухана 210 төсек-орынға есептелген. Сонымен қатар күніне 500 науқасты қабылдай алатын заманауи емханамен қамтылған.
Орталыққа әлемдік жетекші медициналық жабдық өндірушілердің бұйымдары жеткізілген. Осылайша, Орталық Азияда алғаш рет сәулелік, радионуклидтік және протондық терапияны біріктіретін біртұтас платформа құрылып отыр.
Бұл жаңа орталық 2019 жылы Мемлекет басшысының шешімімен салу жұмыстары басталды. 2024 жылдың желтоқсан айында орталыққа көшіп, науқастарға медициналық көмек көрсетуді бастадық. Бұл орталық 210 төсек-орынға арналған.
Орталықта қазіргі заманғы онкологияға қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Науқастар бұл орталықта диагностикамен, емдеумен толық қамтамасыз етіледі. Орталықтың басты ерекшелігінің бірі – кешенді циклотрондық өндіріс бар. Онда 11 радиофарм препараттарды жасап шығаруға болады. Ол препараттар науқастарға диагностика жасауға қажет. ПЭТ/МРТ аппараты – Қазақстанда бірінші рет қойылып жатқан құрылғы. Оның ерекшелігі – мидың, жұмсақ тіндердің, жатыр қуысының ағзалары кезінде диагностикалауды жақсартады. Сондықтан қазір науқастарға радиоизотопты диагностиканың барлық түрін көрсете аламыз, - деп атап өтті Ұлттық ғылыми онкология орталығы басқарма төрағасының медициналық қызмет жөніндегі орынбасары Әділбек Мұқажанов.
Тағы бір жаңалық – ауруханада дәрігерлерге жұмысты үйлестіруге жасанды интеллект көмекке келеді.
Қалқаншабездің обырын емдейтін 8 бөлме болады. Сәулелік терапия жасайтын аппарат – Ethos деген аппаратта жасанды интеллект қолданылады. Ол сеанстың алдында науқасқа жоспарланған емді тағы бір тексереді. Жалпы сәулелік терапияға науқасқа 1,5 айда жасалады. Сол уақыт аралығында пациентте ісік азаюы немесе көбеюі мүмкін. Сол кезде жасанды интеллект оны тексеріп, дәрігерге белгі береді. Осылайша, сәулелік емнің теріс әсері азаяды, - деп түсіндірді Әділбек Қайырбекұлы.
Сонымен қоса орталық құрылымына 8 мамандандырылған палатасы бар радионуклидтік терапия бөлімі кіреді. Оның барлығы халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай ауа тазарту және радиоактивті қалдықтарды жою жүйелерімен жабдықталған.
Тағы бір айта кетерлігі, протондық орталық ашылды. Бұл Орталық Азиядағы, бізге жақын аймақтардағы ең алғашқы орталық болып есептеледі. Дүние жүзі бойынша 100-ге жетпейтін орталық бар. Көршіміз, үлкен Ресей Федерациясының өзінде екі-ақ жерде бар. Сондықтан бұл Қазақстан халқына үлкен көмек деп ойлаймыз. Протондық терапияның басқа сәулелік терапиядан ерекшелігі – обырдың қасында орналасқан тіндерге кері әсері минималды болады. Өйткені обырдың қасында максималды жою күшін көрсетеді. Сол үшін протондық терапияны біз балаларға және қасында маңызды ағзалар орналасқан обырға шалдыққан науқастарға қолданамыз деп отырмыз. Протон терапиясын бір-екі айдың ішінде қолдануды бастаймыз, - деді басқарма төрағасының орынбасары.
Орталықта МӘМС жүйесі мен мемлекеттік емдеу көмегі бойынша елдің бүкіл азаматы дәрігердің жолдамасы бойынша тегін ем қабылдауға мүмкіндіктері бар.
Орталықтың ашылуы аясында «Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмектің жаңа белестері. ҰҒОО – болашақтың озық технологиялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Іс-шараға 29 елден келген жетекші онкологтар, зерттеушілер мен саланың білікті мамандары қатысты.
ҰҒОО Орталық Азиядағы үлгілі инфрақұрылымы бар жетекші клиникалық, ғылыми және академиялық орталыққа айналуды мақсат етіп отыр.