Астанада мәнерлеп сырғанаудан чемпионат өтіп жатыр

22 Желтоқсан 2022, 10:37
1010
Бөлісу:
Астанада мәнерлеп сырғанаудан чемпионат өтіп жатыр

Астана қаласындағы "Алау" мұз сарайында конькимен мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жыл сайынғы чемпионатқа әр түрлі жас санатындағы командалар қатысып жатыр. Спортшылар  бірінші разряд, СШК және СШ бағдарламалары бойынша бақтарын сынауда.

Чемпионат жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында өтеді. Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 75-ке жуық спортшы қатысуда. Бұл чемпионатта өз аймағының намысын қорғау үшін ең үздік 16 спортшы ғана марапатталатын болады. Елорда үшін ел чемпионатын өткізу ең әдемі және әсем спорт түрін насихаттауға күшті серпін береді. Қала тұрғындары мен қонақтарына айтарымыз "Алау" мұз сарайына келіп, болашақ біздің чемпиондарымызға жанкүйер болуға, жарысты тамашалауға келіңіздер,  кіру тегін. Ал, жарыс қатысушылары осы жарыстың барлық атмосферасын өз көздерімен көріп, жеңіске деген ұмтылыстары арта түседі деген ойдамын, – дейді қалалық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.

Қалалық спорт басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасының чемпионатында 2022 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасы чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2019, 2021), халықаралық чемпионаттардың жеңімпазы, өз арсеналында ең күрделі төрт қарғып секіруден жасөспірімдер арасындағы Гран-придің қола жүлдегері Рахат Бралин да өз бақтарын сынайды. Сондай-ақ бұл сында халықаралық турнирлердің жеңімпаздары Левковец Анна, Джиренбаев Диас, Фарафонова София, Исакова Карина, Мельников Олег, Смағұлов Артур  және тағы басқа да атақты спортшылар қатысуда.

Астанада мәнерлеп сырғанаудан чемпионат өтіп жатыр

Бұл чемпионаттың басты мақсатының бірі – 2023-2024 жылғы маусымға толыққанды құрамды жасақтау. Қазақстандық мәнерлеп сырғанау тарихында "төрешілер алқасы" халықаралық санаттағы шетелдік төрешілер алқасынан құралды. Бұл дегеніміз аталмыш чемпионатты жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді, – дейді ұйымдастырушылар.

Жарыстың қорытындылары бойынша ҚР  ұлттық штатты құрама командасының құрамына кіретін мүшелер іріктеледі.

Айта кетейік, жарыс 24 желтоқсанға дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы