Астанада «Кармен-сюита» балетінің премьерасы өтті

16 Қазан 2022, 09:11
1250
Бөлісу:
Астанада «Кармен-сюита» балетінің премьерасы өтті

«Астана Балет» театрының сахнасында ХХ ғасырдағы балет өнерінің жауһары, Альберто Алонсоның «Кармен-сюита» балетінің премьерасы, бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Балетті астаналық театр сахнасына лайықтап қойған Үлкен театр солисті Тимофей Лавренюк.

«Кармен-сюита» балеті Ж. Бизенің әйгілі операсының Р.Щедрин транскрипциясындағы хореографиялық нұсқасы. Сюитада бас кейіпкердің тұрмысы, анығында рухани тағдыры суреттелген. Спектакльде Кармен бейнесі махаббат символына айналады. Адал әрі талапшыл, асқақ махаббат. Алайда, кейіпкердің алдынан кездескен ешбір ер адам бұған болмай шығады.

Оқиға бірегей декорацияның фонында өрбиді: сахна кеңістігі ағаштан жасалған жартылай дөңгелек қаша іспетті жасалған. Бір жағынан бұл бұқалармен сайысу орны болғанымен, екінші жағынан, метафоралық тұрғыда өмір алаңын көрсетіп тұрғындай. Адам баласының тағдыр тауқыметі осы алаңқайда орын алады. «Кармен-сюита» ұлы балеринаның есімімен тығыз байланысты екені мәлім, дегенмен, «Астана Балет» сахнасында ол жаңа қырымен көрінгендей.

«Алонсо классикалық биді орыс ұстаздарынан үйренген. Кейін ол ұлттық би қимылдарын, латын америкалық, испандық би мәнеріне тән нюанстарды қосып, осылайша өз хореографиясын даралап тұрды. Спектакльді қайта қойғанда осы тұсына баса мән беру қажет. Бұл балет ерекше темперамент пен актерлік шеберлікті талап етеді. «Кармен-сюита» үнемі ерекшеленіп тұратыны белгілі, себебі, әрбір орындаушы өзіндік иірімдерді, тың дүниелерді қосып жатады. Бұл балет дүниежүзіне танылды. Себебі, мұнда адам баласына тән сезім арпалысы, тұрмыс-тіршілік, махаббат, жауыздық, опасыздық, нәзіктік, зұлымдық, кей сәт, орындалмаған армандар суреттеледі. Осыны терең сезіне білген әр адам кейіпкерлермен бірге түрлі күй кешеді», – деп атап өтті қоюшы-хореограф Тимофей Лавренюк.

Расында да, әр партия дара. 

«Әр балерина үшін Кармен партиясы ерекше. Оның бейнесі жарқын, орындау жағынан да жүрекке жақын. Өз кейіпкеріңді сомдау маңызды секілді. Өзгелерді қайталаудың қажеті шамалы. Кейіпкеріңнің басынан кешкенін терең сезіне білу керек. Бұл балетте үйреншікті классикаға мүлдем ұқсамайтын қимылдар бар. Ол испан биінің элементтерімен толысқан. Шапалақтың да өз мәнісі бар. Біз үшін бұл таңсық дүние. Сонысымен де қызық», – деген ойымен бөлісті, жетекші солист Айнұр Әбілғазина.

Спектакльдегі басты партияларды «Астана Балет» театрының әртістері орындады: Кармен – Айнұр Әбілғазина және Айжан Мұқатова, Хосе – Сүндет Сұлтанов және Уэсли Карвальо, Тореро – Байқадам Түнғатаров және Айдан Қалжан.

Премьера Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

 

Өзгелердің жаңалығы