Астанада биыл құрылысы созылған 30-дан астам тұрғын үй кешені аяқталады

21 Шілде 2023, 15:05
724
Бөлісу:
Астанада биыл құрылысы созылған 30-дан астам тұрғын үй кешені аяқталады

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында құрылысы ұзаққа созылған нысандар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аралауды ары қарай да жалғастырамыз. «Қорғалжын кварталы», «Мирный дом», «Араби 2 – Гранитный 2», «Зере-2», «Арыстан», «Future Home», «Садовые кварталы», «Территория комфорта -1, 2-кезек» тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен кездестім. Үлескерлермен бірге құрылыс барысын бақылауда ұстаймыз.

Құрылысы ұзаққа созылған ғимараттардың жағдайы әртүрлі. Бір жерінде үйдің тек жақтауы ғана бар болса, енді бір тұсында тек қазаншұңқыры ғана қазылған. Мәселен «Арыстан» тұрғын үй кешенінің құрылысы 11 жыл бұрын басталған. Ал нысанды өткізу кезінде тек 20-30%-ы ғана дайын еді, - деді қала әкімі.

«Садовые кварталы» тұрғын үй кешені 8 жыл бұрын проблемалы деп танылса, нысанды өткізу кезінде іргетасы ғана болатын. Мыңдаған үлескер отбасы баспанасын күтіп жүр.

Астанада биыл құрылысы созылған 30-дан астам тұрғын үй кешені аяқталады

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әр үй бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Биыл құрылысы ұзаққа созылған 30 тұрғын үй кешенін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл – шамамен 4 мың үлескер отбасы. Олардың бір бөлігін аяқтадық.

Үлескерлер кездесулерде абаттандыру, инженерлік желілер салу және т.б. мәселелерді көтереді. Біз өз тарапымыздан мердігерлерге барынша көмек көрсетеміз. Дегенмен олардың үлескерлерді жалған уәдемен үміттендіруіне жол бермейміз.

Біздің міндетіміз – ұзақ құрылыстарды аяқтау және үлескерлерге пәтер кілтін тапсыру, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Өзгелердің жаңалығы