Астанада биыл 50-ге жуық көше жөнделіп, жаңа жолдар салынады

Жалпы, биыл жол жөндеумен қатар тротуарларды қалпына келтіру, жол белгілерін жаңарту, бағдаршамдар орнату, сондай-ақ инженерлік және нөсер кәріз жүйелерін тарту жұмыстары қатар жүргізіледі.

 Астана қаласының әкімдігі Бүгiн 2026, 22:24
Бүгiн 2026, 22:24
131
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласында жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқын алды. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, 2026 жылы жалпы ұзындығы 60 шақырымды құрайтын 50-ге жуық көшеде жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Сәуір айынан бастап бірқатар маңызды учаскелерде жұмыс басталып кеткен. Олардың қатарында:

  • Е68 көшесі (Ә. Бектұровтан Төле биге дейін),
  • Б. Соқпақбаев көшесі (Ш. Бейсековадан К. Күмісбековке дейін),
  • Абайдың 150 жылдығы көшесі (Тілендиев даңғылынан Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейін),
  • Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесі,
  • Кенесары көшесі (Ә. Сембиновтан Сарыарқа даңғылына дейін),
  • Республика даңғылы (А. Имановтан теміржол вокзалына дейін),
  • Ақан сері көшесі,
  • Шаймерденов көшесі және басқа да учаскелер бар.

Сонымен қатар, Бейсекова мен Тілендиев көшелерінің қиылысында екі деңгейлі жол айрығы салынып жатыр. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Қаладағы ірі жобалардың бірі – Тәуелсіздік даңғылын кеңейту. Қабанбай батыр даңғылынан Ұлы Дала даңғылына дейінгі сегіз жолақты магистраль салынып жатыр. Бұл жоба іске қосылғаннан кейін Мәңгілік Ел және Тұран даңғылдарындағы көлік жүктемесін азайту көзделген.

Сондай-ақ Ұлы Дала даңғылының (А-52) Ш. Қалдаяқов көшесінен Қордай көшесіне дейінгі бөлігі, Қ. Мұхамедханов және Ш. Айтматов көшелері бойында да құрылыс пен абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Жалпы, биыл жол жөндеумен қатар тротуарларды қалпына келтіру, жол белгілерін жаңарту, бағдаршамдар орнату, сондай-ақ инженерлік және нөсер кәріз жүйелерін тарту жұмыстары қатар жүргізіледі.

Наверх