Астанада аутизм орталығы ашылды

1 Сәуір 2023, 03:40
1251
Бөлісу:
Астанада аутизм орталығы ашылды
Фото: gov.kz

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында оңалту орталықтарының желісін кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық және білікті көмекпен барынша қамту үшін оңалту орталықтарының желісін кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз. Биыл бірқатар мектептер мен балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында әлеуметтік нысандарды, оның ішінде оңалту орталықтарын ашуды қарастырамыз, - деп жазды қала әкімі.

Сондай-ақ ол Болат Өтемұратов қоры әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырған Астанадағы екінші орталықтың ашылғанын айтты.

Мұндай орталықтардың ашылуын ата-аналар тағатсыздана күтетінін білемін. Бүгін "Асыл Мирас" аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған орталыққа бардым. Бұл – Болат Өтемұратов қоры әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырған Астанадағы екінші орталық. Қазір мұғалімдерді қабылдау жұмысы жүріп жатыр, көп ұзамай балалар осы орталыққа баратын болады. Жаңа орталық жылына 900-ге жуық баланы қамти алады. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалар қатынайтын №89 балабақшаға бардым, өйткені бүлдіршіндердің әлеуметтенуі маңызды. Онда "Болашақ" Корпоративтік қорымен бірлесіп инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Кездесуде ата-аналар тьюторларды дайындау мәселесін көтерді. Біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Оңалту орталықтары балалардың денсаулығын сақтауға, оң нәтижелер көруге әрі оларды әлеуметтендіруге мүмкіндік береді, - деп жазды елорда әкімі.

Өзгелердің жаңалығы